Үкімет отырысында тұрмыстық қатты қалдықтарды басқарудың бірыңғай орталығын құру ұсынылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Жасыл Даму» АҚ-ның базасында тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару бойынша бірыңғай орталық құрылмақ.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Тұрмыстық қатты қалдықтарды (ТҚҚ) басқару жүйесін жаңғырту бағдарламасының жобасын таныстыру кезінде ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров мәлім етті.

«Барлық мүдделі тараптардың (мемлекеттік және жеке сектор) қызметін үйлестіру мен тығыз іс-қимылы мақсатында министрліктің еншілес компаниясы, яғни «Жасыл Даму» АҚ-ның базасында тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару бойынша бірыңғай орталықты құру ұсынылуда»,-деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде Қазақстанда әкімдіктер, инвесторлар және қалдық шығаратын компаниялар арасында келісімшарттық өзара қарым-қатынастың пысықталмаған құрылымы тұрғысында қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарының тиісті деңгейде жұмыс істемеуі байқалуда.

Аталған орталық бұл проблемаларды шешіп, әкімдіктер мен инвесторлар үшін көмекші қызметін атқармақ.