Үкімет өз мойнындағы әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде орындайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет өз мойнындағы әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде орындайды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті.

«Үкімет толық көлемде өзіне алған міндеттемелерді орындайтын болады. Бұған қоса Қазақстанда қызметкерлердің жұмыстан босатылуын болдырмау бойынша шаралар қабылданып, жұмыссыздарды және өздігінен өнімсіз еңбекпен шұғылданатындарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша шаралар жүзеге асырылады», - деді ол.

Сондай-ақ министр өз сөзінде ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық зейнетақы төлемдері 9 пайызға, ал базалық зейнетақы және жәрдемақы төлемдері 7 пайызға өскенін атап өтті.

«Жалпы 2015 жылы әлеуметтік төлемдерге 1,6 трлн. теңге, денсаулық сақтау саласына 678 млрд. теңге қарастырылады. Ал осы 1,6 трн. теңге зейнетақы мен басқа да төлемдерге бағытталады. Сондықтан жыл соңына дейін халық әлеуметтік төлемдерді дер уақытында алып отыратын болады», - деді министр.