Үкімет пайдалы қазбаларды өндіру салығын төмендету бойынша мұнай өндіретін компаниялардың 2 өтінімін қанағаттандырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Үкіметі пайдалы қазбаларды өндіру салығын (ПҚӨС) төмендету бойынша Қазақстандағы мұнай өндіретін компаниялардың 2 өтінімін қанағаттандырды.

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Ұзақбай Қарабалин мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде пайдалы қазбаларды өндіру салығын төмендету тұрғысында жалпы 5 өтінім келіп түскен көрінеді.

«ҚР Ұлттық экономика министрлігі жанында арнайы комиссия жұмыс істеуде. Олар қазіргі экономикалық ахуалда кен орнының геологиялық күрделі ерекшеліктеріне байланысты тиімсіз болып қалған компаниялар үшін пайдалы қазбаларды өндіру салығын төмендету бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың өтінімдерін қарастырады. Бүгінде келіп түскен 5 өтінімнің екеуі бойынша оң шешім шығарылып, қазіргі кезде Үкіметтің тиісті қаулысы шығарылуда. Қалған өтінімдер қарастырылып жатыр»,-деді министрдің орынбасары.