Үкімет пен Есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы арасындағы келісім мақұлданды

АСТАНА. 13 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы арасындағы Алматы қаласында оның болуы шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Енді құжат Парламент Сенатына жіберіледі.

Аталған келісім 2009 жылғы 16 қыркүйекте Астана қаласында жасалған. Келісім Қазақстан Республикасы аумағында Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығының өз мақсаттары мен міндеттерін орындауы үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуді көздейді.

Бұл ретте аталған Орталық заңды тұлға мәртебесіне ие және 2006 жылғы 24 шілдедегі оны құру туралы келісімге, еліміздегі заңнамаларға сәйкес құқықтарды пайдаланады.

Қазақстан Үкіметі Орталыққа үй-жайды оның жұмыс істейтін кезеңіне өтеусіз пайдалануға береді. Орталықтың активтері және басқа да меншіктері Қазақстан аумағынан алынатын барлық салықтар мен алымдардан босатылады.