Жоғарыда айтқанымыздай, 27 ақпанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Ресей президенті Владимир Путинмен ресми кездесуі өтті. Аталған кездесуде екіжақты ынтымақтастықтың бірқатар мәселелері, сондай-ақ аймақтық және xалықаралық мәселелер талқыланды.
Ақпан айының соңғы күніне тұспа-тұс келген осы аптадағы Үкімет отырысында ауыл шаруашылығын дамыту мен білім беру салаларының болашағы талқыланды. Әсіресе, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің «таусылмайтын» реформаларының бірі - «Күнделік» жобасы халықтың да, Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың да сынына ілікті.
«Электронды күнделік» жүйесіне қатысты қоғам көзқарасы әртүрлі. Неге олай? Егер ол барлығына пайдалы болса, қоғам неге қатты талқылап жатыр? Адамдардың қарсы болатын тұстары бар шығар, мүмкін. Біз бұны білмейміз, дегенмен ата-аналарда, мұғалімдерде бірқатар келіспеушіліктер туындап жатқанға ұқсайды. Сондықтан осында айтылған мәселелердің барлығы қоғам талқысына салынғаны жөн. Біз бұл жобаға қарсы емеспіз, егер игілікке жарап жатса, «Цифрлық Қазақстан» аясында жетілдіруге дайынбыз», - деді Б. Сағынтаев Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке қарата айтқан сөзінде.
Жоғарыда айтқанымыздай, Парламент палаталарының бүгінгі бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Конституцияның 26-бабына өзгеріс енгізілмейтінін айтты. Ал, сәл ертерек, 1 наурыз күні Ақордада билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу мәселесін жалпыхалықтық талқылауға салған кезде Елбасы Қазақстан Конституциясының 23 бабына өзгерістер енгізілетінін айтқан еді.
«Біз үшін бір айқын мәселе - Қазақстанның негізгі саяси моделі сақталады. Президенттік республика болып қала береді. Сонымен бірге мемлекеттік басқару жүйесі дәуір талабына сай икемді болуы тиіс. Реформалардың нәтижесінде биліктің бір тармағы өкілеттігін толық иеленіп, дербес жұмыс істейді. Соған сәйкес, әр тармағы жауапкершілікті де сезінуі тиіс. Өкілетті биліктің Үкімет пен атқарушы органдарға бақылауы күшейеді», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жалпыхалықтық талқылау кезінде ел болашағы үшін айрықша маңызды осы құжаттың тағдырын қазақстандықтар бірге шешуі керек деп атап өткен болатын.
«Әрі қарай не істеуіміз керек екендігіне бүгін қорытынды жасап, қашан Парламентке талқылауға түсетіндігін келісуіміз керек. Конституцияның 23 бабына өзгеріс енгізілетін болды, заңдарға 35 өзгеріс енгізіледі. Бұл жерде айта кететін негізгі мәселе осының барлығы Президенттегі өкілеттіктерді басқа тармақтарға беру болып отыр. Өздеріңіз де білесіздер, басқа елдерде, керісінше, президенттің өкілеттігін жоғарылату үшін референдумдар өткізіп, конституциялық өзгерістер енгізіп жатыр. Бізде, керісінше. Себебі 25 жылдың ішінде президенттік басқару жүйесі өзінің алдына қойған халық алдындағы мақсатын орындады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ал, қос палатаның бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел билігінің жұмысына тікелей қатысты мәнді, яғни, Үкімет пен Парламент қандай жағдайда жұмыс істейтіндігін түсіндірді.
«Біріншіден, жаңа заң мемлекеттік істерде Парламенттің рөлін айтарлықтай күшейтеді. Оның ішінде Үкіметті қалыптастыруда өкілеттігі артады. Енді Парламенттің заңнамалық билік болып табылатындығы жазылатын болады, бұрын «заңнамалық қызметтерді жүзеге асырады» деп тұжырымдалған еді. Яғни, ол енді нақтыланды. Үкіметтің дербестігі арта түседі, оған экономиканы тікелей басқару бойынша өкілеттік беріледі. «Конституциялық бақылаудың жүйесі нығаяды. Ең бастысы, конституциялық деңгейде біздің Тәуелсіздігіміздің тұрақтылығының, біркелкіліктің, аумақтық тұтастастықтың және басқару формасының кепілдігі бекітіледі»,-деп атап өтті Президент.
Елбасының тапсырмасы бойынша Үкімет заң жобасын даярлады, онда Президенттен атқарушы және заң шығарушы органдарға 35 өкілеттік қосымша берілетіні ескерілген. Конституцияда 23 өкілеттік қарастырылған және оның 35-і заңдарда жазылған, яғни олар Парламент пен Үкіметке беріледі.
Осы ретте экономиканы, қаржыны, мемлекеттік мүлікті басқару, әкімшілік-аумақтық мәселелер қамтылған.
«Бүгінде бізде жоғары кәсіби билік тармақтары бар екендігіне сенімдімін, олар өздеріне жауапкершілікті алуға, өз бетінше елге қажетті шешімдерді қабылдауға қауқарлы»,-деп атап өтті Назарбаев.