«Біз бизнестің де міндеттемесін бақылауымыз керек. Бірінші кезекте, жұмыс орындары мен айлықтың сақталуына назар аударылуы тиіс. Үкімет пен «Атамекен» бизнес міндеттемесінің цифрлық тұрғыда бақылануы бойынша жұмысты 2 айдың ішінде аяқтауы керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Сонымен бірге Президент Үкімет пен Ұлттық банкке жағдай ушыққан жағдайдағы халық пен салаларды қолдаудың қосымша шаралар пакетін әзірлеуді тапсырды.
«Сондай-ақ мемлекеттік қолдау барынша тиімділікке жұмсалуы тиіс. Біз бюджеттік циклда тұрмыз. Қаржылық басымдықтарды айқындайтын мүмкіндік бар. Бастысы – экономика мен жұмыс орындары», - деді ол.
Айта кетейік, видеобайланыс арқылы өтіп жатқан жиында Үкімет 2020 жылдың алғашқы жарты жылдығындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы есеп берді. Сондай-ақ коронавирусқа қарсы күреске қатысты қабылданған шаралар, Мемлекет басшысының Үкіметтің алдағы уақытта атқаратын жұмысының негізгі бағыттары бойынша берген тапсырмалары мен міндеттері қарастырылды.
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен жыл соңына дейін орындайтын міндеттер жөнінде Премьер-Министр Асқар Мамин, ақша-несие саясатына қатысты шаралар туралы Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаев, еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шаралар туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой баяндама жасады.