«Жылына 1,250 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыт жобасына әлеуетті стратегиялық әріптес іздеп жатырмыз. Ол үшін инвестордың лицензиялық технологиясы мен өткізу нарығы (off-take келісімшарт) және қаржыландыруды ұйымдастыру мүмкіндігі болуы керек. Соның негізінде компаниялар тобы құрылды. Бүгінде Sabic, Chevron және тағы басқа компаниялармен келіссөз басталды», - деп жазды Роман Скляр депутаттық сауалға берген жауабында.
Ол, сондай-ақ «Теңізшевройл» ЖШС-мен бірлесіп, жылына құрғақ газдан 9,7 млрд текше метр этан алатын өндірістің инфрақұрылымын салу мәселесі пысықталып жатқанын атап өтті.
«Мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары басталды. Оны ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Тұтастай алғанда, осы жоба бойынша 2021-2022 жылдары стратегиялық әріптесті айқындау және оны іске асыруға кірісу міндеті тұр. Циклогексан шығару жобасы бойынша жеке инвестор АМӨЗ-ден бензолды циклогексанға (қуаты жылына 150 мың тонна) қайта өңдеу жөніндегі жобаны іске асыруды көздеді. Алайда, пандемияға байланысты инвестор бұл жобаны қарауды тоқтатты», - деді вице-премьер.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда келесі бір жеке инвестор жобаның бірқатар тұсын өзгертіп, бензолды қайта өңдеу мәселесін зерттеп жатыр.