Үкімет сағатын қорытындылаған Мәжіліс Төрағасының орынбасары депутаттар атынан бірқатар ұсыныстарды алға тартты

АСТАНА. Маусымның 29-ы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжановтың жетекшілік етуімен «Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігінің 2008 жылғы жұмыс нәтижелері және 2009 жылғы міндеттері туралы» тақырыбындағы Үкімет сағаты болып өтті. Үкімет сағатын қорытындылаған Мәжіліс Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов Палата депутаттары атынан бірқатар ұсыныстарды алға тартты,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жерді ұтымды пайдалану, топырақтың құнарлығын арттыру, жер ресурстарын қорғау жөніндегі өңірлік бағдарламалар іс-шараларының басқа да табиғат қорғау іс-шаралармен қатар орындалуы қамтамасыз етілсін.Жыртпалы жерлерге түгендеу жүргізу және тың жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына тарту жұмысы жандандырылсын. Жер заңнамасын сақтай отырып, жердің пайдалануы мен қорғалуына мемлекеттік бақылаудың тиімділігі арттырылсын және осы мақсатта тиісінше қызметтер нығайтылсын. Барлық топырақтық аймақтар мен кіші аймақтар бойынша кадастрлық бағалау және оның өзектілігі қамтамасыз етілсін. Ауыл шаруашылығы жер иеленушілерге бөлінетін субсидиялар жер құнарлығын арттырумен байланыстырылсын. Елді мекендердің аумағын жер-шаруашылық жағынан жайластыру, жерді аймақтарға бөлу ісін облыс орталықтарында нысаналы мақсаттағы сыныптауыштарды әзірлей отырып, аяқтау жөнінде шаралар қабылдансын. Жекелеген азаматтарға заң бойынша жерді бөлу шаралары қарастырылсын»,- деді Жәнібек Кәрібжанов.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылып жүрген жер учаскелерін алып қою қамтамасыз етілсін,ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерінде жайылымдық және шабындық алқаптарды пайдалану ретке келтірілсін деген ұсыныстар жолданды.

«Электрондық үкімет» шеңберінде жер кадастры мен жылжымайтын мүлік кадастрының автоматтандырылған жүйелерін біріктіру, қазіргі заманғы ГИС-технологияларын енгізе отырып, мемлекеттік жер кадастрын жетілдіру жөнінде шаралар қабылдануы тапсырылды.

Мемлекеттік топографиялық карталардың сандық аэрофото түсіру және карта жасау негізінде жаңартылуы және олардың одан әрі мемлекеттік тілде шығарылуы қамтамасыз етілуі жөнінде ұсыныс жасалды.

«Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша келісім беруді тездету және қажетті болғанда қосымша ұсыныстар енгізу мәселелері қаралуы туралы ойлар ортаға салынды.