13:34, 01 Сәуір 2009
Үкімет тұрақтандыру бағдарламасы аясында Астана мен Алматы қалаларына және Алматы облысына қосымша 95 млрд. теңге бөлуді жоспарлап отыр
АСТАНА. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Үкімет тұрақтандыру бағдарламасы аясында Астана мен Алматы қалаларына және Алматы облысына қосымша 95 млрд. теңге бөлуді жоспарлап отыр.Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бөлініп отырған қосымша қаражаттың 50 пайызынан астамы пәтерлер сатып алуға және үлескерлердің қатысуымен салынып жатқан проблемалы тұрғын үй нысандарының құрылысын аяқтауға жұмсалатын болады. Мұндағы басты мақсат - жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдайды тұрақтандыру. Ал қаражаттың қалған бөлігі білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық құрылыстарына бағытталады, сондай-ақ су құбырлары мен су реттегіштерді дамытуға жұмсалады», - деді Премьер-Министр.
Сонымен бірге Үкімет басшысы сөз арасында «Самұрық-Қазына» Қоры арқылы Астана қаласындағы мемлекеттік қолдауға зәру 36 құрылыстың 32-сінің, Алматы қаласындағы проблемалы 62 нысанның 54-інің құрылысын аяқтау жоспарланғанын атап өтті.