Үкімет тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық саласындағы шашетек проблемаларды шешетін шешім қабылдады

None
АСТАНА. Мамырдың 29-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Тамтығы шықпаса да, ішінара тозығы жеткен республикамыздың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына шырай бітетін күндер де алыс емес.
Осы аптада Үкімет еліміздің Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңарту және дамыту жөніндегі тұжырымдаманы, сондай-ақ оны іске асыратын 2010-2014 жылдарға арналған бес жылдық кешенді жоспарды мақұлдады. Осылайша Министрлер кабинеті арғысы кеңес заманынан, бергісі экономиканың еңсесі езілген өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бері созылып келе жатқан, сықпыты қаша бастаған саладағы проблемаларды кешенді шешуге бел буып отыр. Бірден айтайық, Үкіметке әлеуметтік маңызы зор бұл салаға көңіл бөлуді биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тапсырған болатын. Президент «тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты әлдеқашан-ақ ретке келтіру керек еді, келіңіздер, қазір осымен айналысайық», деген болатын. Содан кейін Қазақстанды әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі көкейкесті мәселелерге арналған кеңесте Президент Үкіметке маусымның 1-не дейін осы саланы дамыту жөніндегі шаралар кешенін әзірлеуді тапсырған-ды. Атап өтерлігі, еліміздің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласында қордаланған проблемаларды кешенді шешуді көздейтін бес жылдық мұндай бағдарламалық құжат бұрын соңды болмаған, тұңғыш рет әзірленіп отыр. Бұл салада атқарылған жұмыстарға үңілсек реформалар негізінен тұрғын үй секторын дамытуды қамтыды. Ал коммуналдық шаруашылықтағы шашетек проблемаларға атүсті қарап келгеніміз рас. Ал мына дағдарыс аптығымызды басып, бір сәт төңірегімізге байыппен қарауды, кем-кетігімізді түзеп, әрбір салада кемелді даму үшін кешенді негіз қалауды үйретуде. Премьер-Министрдің орынбасары Серік Ахметовтың айтуынша, тұжырымдама мен жоспардың іс-шараларын жүзеге асыруға әр жыл сайын 60 млрд. теңге, ал 5 жылдың ішінде 300 млрд. теңге бағыттау жоспарланып отыр. Мұның ішінде 200 млрд. теңге республикалық бюджет қаржысы есебінен бөлінеді. Бұл қаржылар сумен қамтамасыз ету және кәріз жүйелерін жөндеуге; жылумен, электр қуатымен, газбен жабдықтау жүйелерін жөндейтін жобаларды жүзеге асыруға; ресурстарды үнемдейтін технологияларды ендіруші бағдарламаларды жасауға; тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын паспорттауға; апатты тұрғын үйлерді бұзуға; нормативтік, құқықтық және техникалық базаны жетілдіруге, сондай-ақ елді мекендердің аумақтарын абаттандыруға бағытталатын болады. Қазіргі мәліметтер бойынша, елімізде жалпы ауданы 260 млн. шаршы метрден астам 2 миллионға жуық тұрғын үй бар екен. Оның 4 млн. шаршы метрге жуығы бұзылуы тиіс. Лифтілердің үштен бірінен астамы ауыстыруды немесе күрделі жөндеуді қажет етеді. Коммуналдық желілердің 60-75 пайызының тозығы жеткен. Жылу, су және электр энергиясының шығындары 20-30 пайызға жетіп жығылады. Бір сөзбен айтқанда, бұл салада толғағы жеткен, таяу уақытта шешпесе түйіні күрделене түсетін мәселелер жетіп артылады. Енді міне сең қозғалды. Дегенмен, қандай да бір саладағы көкейкесті мәселелерді шешу үшін тек қана қаражат бөлу аздық етеді. Бағытталған қаражат «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетпесін десек, оны тиімді ұқсату аса маңызды. Ол үшін ұтымды тетіктерді әзірлеп, іске қосу қажет. Тұжырымдамада бұл жағы да қарастырылған. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласындағы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында орталық өкілетті орган ретінде арнайы агенттік құру көзделіп отыр. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың салааралық үйлестірілуін қамтамасыз ету үшін мұндай агентікке тиісті өкілеттіктер беріледі. Сонымен қатар, «бірі көлге, бірі шөлге, енді бірі көкке тартпасы үшін» осы саладағы орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы құзыр нақты ажыратылатын болады. Бұдан бөлек, өздері басқарып отырған өңірлердегі бұл саладағы қым-қуыт мәселелерді бүге-шүгесіне дейін жақсы білетін жергілікті жерлердегі әкімдіктердің әрқайсысы тиісті өңірлік бағдарламалар әзірлемек. Жоғарыда аталмыш тұжырымдама аясында апатты жағдайдағы 4 млн. шаршы метрге жуық тұрғын үйлердің бұзылуы тиістігін айтқан едік. Алайда өзге паналайтын жері болмаса ешкім де, тіпті лашық болса да, «өз үйі өлең төсегінің ойрандалмауын» қалайтыны ақиқат. Былайша айтқанда, осы тұста «бұзылатын үйлердегі адамдарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешіледі», деген сауал туындайды. Бірден айтайық, тұжырымдама кешенді бағдарлама болғандықтан, онда мұндай түйткілді дүние де қалыс қалмапты. Апатты үйлерден көшірілетін тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету қазір жүзеге асырылып жатқан Мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында шешілетін болады. Осы орайда тұрғын үй қорын ұстап тұру үшін апатты тұрғын үйлерді бұзу жөнінде іс-шаралар әзірлеп, жүзеге асыру жоспарланып отыр. «Біз апатты тұрғын үйлерді бұзумен байланысты мәселелерді кешенді түрде қарастырудамыз. Ең алдымен біз тұрғын үй қорын паспорттау мәселесін алға қойып отырмыз, бұған қаржы бөлініп жатыр. Бұл өте маңызды дүние, себебі біз қанша шаршы метр тұрғын үй апатты жағдайда тұрғанын білуіміз керек», дейді Вице-Премьер. Ендігі мына бір мәселеге тоқталсақ. Үкімет отырысында ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Мәжит Есенбаев тұжырымдама мен кешенді жоспар аясында коммуналдық төлемдерді төлемей қойған борышкерлердің жылжымайтын мүлкін тәркілеп алу тетігін пәрмендендіруді ұсынып, оны заңмен бекіту қажеттігін айтты. «Тұрғын үйді ұстауға қаржысы жоқ және коммуналдық төлемдер бойынша қарызы барлардың тұрғын үйі мен мүлкін тәркілеп алу қажет. Тұрғын үй-коммуналдық ұйымдары сотқа шағымданғанымен, іс жүзінде тиімді шешім шығарылмайды», - деді М.Есенбаев. Әрине бұл «былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледінің» керін келтіретін өте шетін мәселе. Мұны мұқият, байыппен шешкен абзал. Дегенмен, тұжырымдамада айтылған адамдар тұратын үй-жайларды ұстап тұру үшін тұрғындардың жауапкершілігін арттыру қос қолды көтеріп тұрып қолдайтын дүние. Тұрғын үйдің төңірегі тұрмақ, басындағы баспанасына тауықтың қорасы ретінде қарайтын пәтер иелеріне қатаң шара қолданылып жатса, оған түсіністікпен қараған жөн. Жуырда Парламентте тұрғын үй заңнамасына өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылып, сонда мұндай адамдарға қолданылатын жазаны тіпті қылмыстық жауапкершілікке дейін күшейту жөніндегі ұсынысты депутаттардың көпшілігі қабылдамай тастағаны белгілі. Бірақ заңның заман, қоғам талабына сай толықтырылып, өзгертіліп тұратынын ескерсек, бұл мәселе ерте ме, кеш пе қайтадан көтеріліп жатса оған таңырқамай, қайта түсіністікпен қараған жөн болар. Өкінішке қарай, «тұратын пәтер ғана менікі, оның төңірегіндегі дүниелер күл болмаса, бүл болсын», дейтін масыл пиғылды адамдардың (пәтерінен шыққан қоқысты арнайы орынға апарып төгуге ерініп, подъезге тастап кететіндер, подъездің тазалығына бас ауыртпайтындар) арамызда ара-тұра болса да кездесіп жатады. Мұндайларға да аса қатал болмаса да, істеген әрекеті үшін бармағын тістейтіндей шаралар қабылданса, нұр үстіне нұр болар еді. Сөз соңында айтарымыз, тұрғын үй коммуналдық секторына қатысты Үкімет қабылдаған тұжырымдама мен кешенді жоспар кезең сайын пысықталып, толықтырылып тұратын болады. Үкімет бағдарламаны жүзеге асыру барысында тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын мемлекеттік басқарудың тиімділігін жақсартуды, коммуналдық сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыруды, мемлекет пен жеке меншік сектордың әріптестігін ынталандыруды көздеп отыр. Несі бар, бөлінген қаржы дұрыс ұқсатылып, көзделген тетіктер тиімді жұмыс істесе, қордаланып қалған проблемаларды ретке келтіріп, сықпыты қаша бастаған саланың шырайын келтіруге әбден болады.