20:26, 26 Наурыз 2009
Үкімет үйінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту мәселелеріне арналған жұмыс тобының бірінші отырысы өтті
АСТАНА. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Серік Ахметовтың төрағалығымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту мәселелеріне арналған жұмыс тобының бірінші отырысы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жұмыс тобының мүшелері коммуналдық қызмет нарығын дамыту үшін қолайлы жағдай туғызу, коммуналдық секторды жаңарту және қуат үнемдеу технологиясын пайдалануға мемлекеттік қолдау көрсетуге қатысты ТКШ саласындағы жұмыстың негізгі бағыттарын талқылады.Отырыста нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, Тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығын жаңарту тұжырымдамасы мен ТКШ жаңарту жөніндегі кешенді шаралар жоспарын қабылдау мәселелеріне айырықша назар аударылды. Жұмыс тобының отырысын әр апта сайын өткізу жоспарланып отыр. Онда облыстар мен Астана және Алматы қалалары әкімдерінің аймақтық ТКШ бағдарламасын іске асыру барысы туралы есептері тыңдалады. Отырыс қорытындысы бойынша 2009 жылғы сәуірдің 1-іне дейін Индустрия және сауда министрлігінде ТКШ жүйесін жетілдіру жөніндегі барлық ұсыныстарды жинақтау туралы шешім қабылданды.