Үкімет үйінде Ұлттық қордан бөлінген қаражатты игеру мәселесі бойынша кеңес өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Ұлттық қордан бөлінген қаражатты игеру мәселесі бойынша кеңес өткізді, деп хабарлады ҚР Үкіметтің баспасөз қызметінен.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстан Даму банкі (ҚДБ) мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына Ұлттық қордан өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсету үшін қаражат бөлінген.

ҚДБ желісі бойынша инвестициялық жобаларды мерзімге дейін жеңілдікпен несиелендіру келесі талаптар арқылы жүзеге асырылады: атаулы сыйақы мөлшерлемесі - 6 пайыздан аспайтын жылдық мөлшерлеме, несиелендіру мерзімі - 10 жылға дейін, негізгі қарызды өтеудің жеңілдік кезеңі - 24 ай, бір қарызға алушыны қаржыландыру лимиті - 200 млн. теңгеден бастап 5 млрд. теңгеге дейін.

2014 жылдың желтоқсан айында 500 млрд. теңге көлеміндегі бірінші транш бөлінген, ағымдағы жылдың наурыз айында банк тағы 50 млрд. теңге алды. 4 маусымдағы жағдай бойынша ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы сомасы 46 млрд 442,3 млн теңгені құрайтын 39 жобасы мақұлданған.

«Даму» қоры арқылы жеңілдік несиелендіруді шағын және орта кәсіпкерліктің субъектілері келесі талаптармен алады: атаулы сыйақы мөлшерлемесі - 6 пайыздан аспайтын жылдық мөлшерлеме, несие желісі бойынша қолжетімділік кезеңі - бір жылға дейін, бір қарызға алушыны қаржыландыру лимиті - 1 850 млн. теңге.

Өткен жылы бөлінген 50 млрд. теңге көлеміндегі транш пен наурыз айында бөлінген 50 млрд. теңгеден өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласындағы ШОБ субъектілерінің жалпы сомасы 80 750 млн. теңгені құрайтын 425 жобасы мақұлданған.

Кеңес қорытындылары бойынша «Бәйтерек» басқарушы холдингі, «Даму» қоры және Қазақстанның Даму банкіне банктармен бірлесіп Ұлттық қордан бөлінген қаражаттарды игеру бойынша жұмысты жандандыру тапсырылды.