Үкімет жанындағы тегін кәсіби-техникалық білімге көшу жөніндегі жұмыс тобын басқару Д.Назарбаеваға жүктелді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет жанындағы тегін кәсіби-техникалық білімге көшу жөніндегі жұмыс тобын басқару ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаеваға жүктелді.

Бұл жайында бүгін Үкімет отырысында еліміздің Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мәлім етті.

«Барлығы үшін тегін кәсіби-техникалық білім жобасын енгізу жөніндегі жұмыс тобын құру туралы өкімге қол қойғандығымды атап өткім келеді. Жұмыс тобын Дариға Нұрсұлтанқызы (Назарбаева) басқарады», - деді Үкімет басшысы.

ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің сөзіне қарағанда, аталған жұмыс тобына Парламент депутаттары, мүдделі мемлекеттік органдардың, әкімдіктердің, жұмыс берушілер мен колледждердің өкілдері кірген. Олар жобаны жүзеге асыру үшін кәсіби және техникалық білім берудің ағымдағы жағдайына сараптама жасау, азаматтар тегін білім алатын мамандықтар тізбесін және шығыстар көлемін айқындауы тиіс.

Оның мәліметтеріне қарағанда, ағымдағы оқу жылында техникалық мамандықтарды ақылы негізде оқитындарға республикалық бюджеттен 5300 орын мемлекеттік тапсырыс бөлінген. Осы оқу жылында еліміздің 80-нен астам колледжінде 183 мамандық бойынша шамамен 500 мың адам білім алуда. Оның 60 пайызын техникалық, технологиялық және ауыл шаруашылығы мамандықтары құрайды.