"Атап айтқанда, көлік қауіпсіздігі, мультимодальдық тасымал, халықаралық тасымал құжаттарын іс жүзіне енгізудің, Қазақстанның көлік саласына халықаралық құқықтық режимді енгізу мәселелерін заңнамалық реттеудің елеулі маңызы бар. Талқылаудың қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Үкімет назарын көлік секторындағы орын алған проблемаларды шешу қажеттігіне аударып, жалпы алғанда, көлік саласындағы жағдай Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігіне тікелей ықпал ететінін атап көрсетті", - делінген ҚР Президенті баспасөз қызметінің хабарламасында.
Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында, сарапшылардың бағалауларынша, Еуропа мен Азия арасындағы жыл сайынғы тауар айналымы 400 млрд. дейінгі АҚШ долларын құрайтыны, ал 2015 жылға қарай бұл көрсеткіш 1 трлн. долларға жететіні атап өтілді.
Сондықтан Мемлекет басшысы транзит арқылы түсетін түсімдер бюджеттің табыс бөлігіне айналуы үшін бұл жүк ағыны транзитпен Қазақстан арқылы өтуі үшін жағдай жасау қажеттігіне ерекше назар аударды.
Сонымен қатар, негізгі басымдықтар ретінде Н.Ә.Назарбаев көлік саласын дамытуға және көлік әлеуетіне кедергі келтіретін бюрократтық кедергілерді төмендетуді, заңнаманы жетілдіруді, көлік саласы үшін білікті мамандар даярлауды атады.
Алға қойылған міндеттер тек темір жол, автомобиль, авиация мен су көлігіне ғана қатысты емес. Мұнай мен газ құбырлары магистралының, электр тарату желілерінің транзиттік әлеуетін тиімді пайдалану қажет.