Комиссия жұмысына ҚР Кәсіподақтар федерациясының, Қазақстан Еңбек конфедерациясының, Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының Республикалық қауымдастығының басшылары, сондай-ақ селектор режимінде облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Отырыс барысында мемлекеттің әлеуметтік-еңбек саясаты және «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында ҚР Президенті Н. Назарбаев жүктеген міндеттерге сәйкес еліміздің азаматтары үшін лайықты еңбек жағдайларын жасау мәселелері талқыланды.
Отырыс барысында әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеудің негізгі бағыттары бойынша тараптардың келісілген позицияларын анықтайтын Қазақстан Республикасы Үкіметі, республикалық жұмыскерлер бірлестіктері және республикалық жұмыс берушілер бірлестіктері арасында 2018-2020 жылдарға арналған Бас келісімге қол қойылды. Бас келісім аясында қабылданған міндеттемелерді іске асыру бойынша Іс-шаралар жоспары (Жол картасы) қаралды және бекітілді.
Құжатқа әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Республикалық үшжақты комиссияның тараптары қол қойды: Үкіметтен - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е. Досаев, жұмыскерлер бірлестіктерінен - Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Б. Әбдірайым және Қазақстан еңбек конфедерациясының бас хатшысы - М. Машкенов, жұмыс берушілер бірлестіктерінен - «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы А. Мырзахметов, Жұмыс берушілер конфедерациясының басқарма төрағасы Қ. Байкенов, Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының Республикалық қауымдастығының атқарушы директоры, Қазақстан тауар өндірушілері және экспорттаушылар одағының президенті Н. Радостовец.
2018-2020 жылдарға арналған Бас келісім экономиканы технологиялық жаңғырту, бизнес ортаны түбегейлі жақсарту, халықты формалды және өнімді жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, адами капитал сапасын, еңбек жағдайлары мен қорғауды жақсарту, сондай-ақ өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты болды.