Үкіметте БЖЗҚ-ның әзербайжандық банкке салған инвестициясы қаралады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкіметте БЖЗҚ қаржысын проблемалы әзербайжандық банкке инвестициялау мәселесі қаралады. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатында тілшілерге ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, министрден БЖЗҚ-ның Әзербайжан халықаралық банкіне инвестициясын бағалау бойынша қандай жұмыстар жүргізілгені сұралды. Өз кезегінде Б. Сұлтанов бүгінде тиісті жұмыстар жүріп жатқанын айтты. «Ұлттық банк қажетті жұмыстарды іске асырып жатыр. Біз оны Үкіметтің отырысында талқылайтын боламыз»,-деді Қаржы министр.

Бұдан бұрын белгілі сарапшы Рахым Ошақбаев БЖЗҚ-ның 71,3 млрд. теңге активі Әзербайжанның проблемалық Халықаралық банкі облигацияларына салынғаны туралы хабарлаған еді.

Ал жақында Данияр Ақышев БЖЗҚ қаржысын Әзербайжан банкіне кімнің инвестициялағанын айтқан болатын. 

Оның айтуынша, Әзербайжан банкіндегі проблема 2015 жылдан басталды. 2016 жылдан бастап ҚР ҰБ Әзербайжан үкіметіне, Әзербайжан банкіне талап қоя бастады.

«Бірақ олар мерзімінен бұрын қарызды қайтаруға келіспеді. Мәміленің мән-жайына қатысты көп сұрақ жауапсыз болып отыр. ҰБ істі құқық қорғау органдарына береді», - деді Д.Ақышев.