Үкіметте Қазақстанның рұқсат беру жүйесінің бірқатар жүйелік проблемаларын шешуге бағытталған заң жобасы қарастырылуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат беру жүйесі мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобалары қарастырылуда.

Аталған құжатты таныстырған ҚР Өңірлік даму министрі Болат Жәмішевтің айтуынша, негізгі заң үш бөлімнен тұрады. Оған «Лицензиялау туралы» заң толығымен енген. Заң жобасының бұл бөлім осы саладағы бүгінгі проблемалар ескеріле отырып пысықталды. Сондай-ақ заң жобасына «Әкімшілік рәсімдер туралы» ҚР Заңынан хабарламалар туралы ережелер толығымен енгізілді. Заң жобасының үшінші бөлімі толығымен жаңадан жазылған және лицензия болып табылмайтын рұқсат рәсімдерінің мәселелерін регламенттейді.

«Заң жобасының қосымшасына 742 құжат енді. Оның ішінде 709 рұқсат және 33 хабарлама бар. Жалпы алғанда, заң жобасы Қазақстанның рұқсат беру жүйесінің бірқатар жүйелік проблемаларын шешуге бағытталған. Атап айтқанда, рұқсаттар санының үнемі артуын, жаңа рұқсаттардың негізсіз енгізілетінін, рұқсат беру жүйесінде тәуекелдерді бағалаудың қолданылмауын, рұқсаттардың тәртіпке келтірілмеуін қамтиды», - деді министр.

Б.Жәмішевтің атап өтуінше, осыған орай заң жобасы оларды шешудің бірқатар жолдарын, нақты айтқанда, заңдағы рұқсаттардың толық тізбесін, жаңа рұқсаттарды енгізуде реттеуіш әсерін талдаудың қолданылуын, рұқсаттарды қауіптілік дәрежесі бойынша санаттауды қарастырады.