Үкіметте кезекті отырыс өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сейсенбіде өткен кезекті жиында Үкімет мүшелері биылғы жылдың І тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындыларын талқылады.

Күн тәртібіне шығарылған негізгі тақырып - биылғы І тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы болатын. Бұл бойынша баяндаған ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Қазақстан экономикасында өткен жылдың І жарты­жылдығында қатты байқалған сыртқы жағымсыз әсерлер қазір толығымен жойылғанын атап өтті. Осыған орай, Қазақстан экономикасының жаңа сыртқы жағдайларға бейімделу кезеңінің аяқталып, қалпына келтіру өсіміне қарай ауысқанын атап айтуға болады. Алдын-ала деректер бойынша, 2017 жылдың І тоқсанында елдің ІЖӨ 3%-ке өскен, ал өткен жылдың ұқсас кезеңінде азғантай қысқару байқалған болатын. Өнеркәсіп, құрылыс, көлік және сауда салалары экономика өсімінің драйверлеріне айналды. Өнеркәсіп саласы 5,8%-ке ұлғайтылып, оң нәтижесін көрсетті, өткен 2016 жылдың сәйкес кезеңінде 0,8%-ке төмендеу байқалған болатын. Ағымдағы жылдың басында тау-кен өнеркәсібі де көрсеткіштерді жақсарта түсіп, өнеркәсіптік өндіріс қарқынында үдерісті жалғастыруда. ІЖӨ өсіміне ауыл шаруашылығындағы өндірістің 2,9%-ке арт­қаны да оң әсерін тигізген.

Биылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджет кірістері жоспарланған көрсеткіштерден асты. Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың баяндауынша, мемлекеттік бюджет шығындары 97% орындалды. «Республикалық бюджет бойынша игеру 98%-ті құрады, бұл жергілікті бюджеттерге қарағанда жақсырақ. Өңірлік бюджеттер 97%-ке атқарылды. Республикалық бюджет шығындары 2 065 млрд. теңгені құрады. Бұл биыл жергілікті қаржы тиімсіз басқарылып, оны жоспарлаудың сапасы төмендегенін білдіреді. Жергілікті бюджеттердің шығыстары 857 млрд. теңгеге игерілді. 27 млрд. теңге орындалмады. Өңірлердің шоттарындағы қалдықтар 339 млрд. теңгені құрап, жыл басымен салыстырғанда екі есе өсті (135 млрд. теңге). Өсу барлық өңірлерде орын алды. Бұл жергілікті қаржы-қаражатты тиімсіз басқаруды және жоспарлаудың сапасы төмендегенін көрсетеді.

Бюджетті уақытын­да нақтылау кезінде осы қаражат басым шығыстар­ды қаржы­ландыруға бағытталатын еді», деді Б.Сұлтанов.
Бұл тұста Үкімет басшысы мұндай жағдайдың орын алуының негізсіз екенін айтты. «Бізде сол бір нәрсе жылдан-жылға қайталанады - сапасыз жоспарлау мен конкурстардың уақытылы өткізілмеуі орын алады. Орталықтандырылған деңгейде еш про­блема жоқ. Демек, мәселе әкімшілер мен жер­гілікті жерлерге келіп тіреледі», деді Б. Сағынтаев.

Премьер-министр биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында қаржыландыруды арттыру арқылы «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды қаржыландыру жоспарын түзету қажеттігін атады. Сонымен қатар, бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне мемлекет қаражатын тиімді әрі уақытылы игеру бойынша пәрменді шаралар қабылдау тапсырылды. Қаржы министрлігіне мемлекеттік сатып алулар бойынша сәйкес заң жобасын уақытылы ұсыну тапсырылды.

Сонымен қатар, отырыс барысында министр­лік­тердің басшылары Үкімет басшысына биылғы жылдың І тоқсанындағы экономика өсімінің мақ­сатты көрсеткіштерінің орындалу барысы туралы есеп берді.

Ұлттық экономика, ауыл шаруашылығы, инвестициялар және даму, білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт министрлерінің баяндамаларын тыңдаған соң Бақытжан Сағынтаев 24 мақсатты көрсеткіштердің 9-ы бойынша артта қалу байқалып отырғанын айтты. «Бұл орайда мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізілмеген қызмет түрлері мен салалар бойынша сарапшылар бағалауына сәйкес, экономиканың қосымша өсімі 0,55 пайыздық пунктке жетуі мүмкін еді. Мұны экономика өсімін қамтамасыз етуде қолда бар резервтер дәлелдейді. Біз мұндай тәжірибені алғаш рет енгізіп отырмыз, ешқандай себептер қабылданбайды, бізге нәтиже керек. Мемлекет басшысы орташа мерзімде экономиканың 5% өсімін қамтамасыз ету міндетін қойды. Сондықтан, министрліктердің басшыларының назарын әрбір көрсеткіштің орындалуы үшін жеке жауапкершілік жүктелетіндігіне аударамын», деді Б. Сағынтаев. Премьер-министр салалық мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына мақсатты өсім көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша барлық шараларды қабылдауды тапсырып, бұл көрсеткіш жақсы бастама болып табылатынын, алайда бірінші тоқсандағы жетістіктер немқұрайдылыққа себеп болмауы тиіс екенін баса айтты.