Үкіметте құқық қорғау жүйесін реформалауға қатысты заң жобалары пакеті мақұлданды

АСТАНА. Қазанның 5-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Үкіметте құқық қорғау жүйесін реформалауға қатысты заң жобалары пакеті мақұлданды. Үкімет отырысында заң жобаларын қарастыру кезінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бұл құжаттарда Елбасы тарапынан берілген барлық тапсырмалар ескерілгенін атап өтті.

Осы орайда Үкімет басшысы заң жобасын әзірлеуге қатысқандарға, Үкімет мүшелеріне, Президент аппаратына қысқа мерзімде жүктелген барлық міндеттерді уақтылы орындауына байланысты алғысын білдірді.

Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясынан, Парламент депутаттарынан бұл заң жобаларының талқылануы үдерісінде қолдау көрсетуді сұрады. «Яғни, бұл заң жобалары бірыңғай пакетпен қаңтардың 1-іне дейін Елбасының қол қоюына ұсынылуы үшін, сондай-ақ 2011 жылы жаңа құқықтық кеңістікке аяқ басу үшін қажет», деп атап өтті К. Мәсімов.