Үкіметте мемлекеттік сатып алу жүйесінің мәселелері талқыланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды.

Бір жарым жыл бұрын іске қосылған мемлекеттік сатып алулардың веб-порталының платформасы сатып алулар жүйесін толығымен автоматтандырып, қатысушылардың веб-портал арқылы онлайн режимде электронды камералық бақылауға өтуіне мүмкіндік берді.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, қабылданған шаралардың нәтижесінде бір конкурстағы қатысушылардың орташа саны 4 есеге, үнемдеу 3 есеге ұлғайған. Жүйені одан әрі жетілдіру мақсатында, формалды себептер бойынша ауытқуларға жол бермеу үшін, сатып алуларға қатысушыларға қойылатын талаптар жеңілдетіледі. Оң тәжірибеге, салық жүктемесінің коэффициентіне баса назар аударылып, алдын ала біліктілікті іріктеу институты кеңінен қолданылатын болады.

Қазірде Қаржы министрлігі Инвестициялар және даму министрлігімен және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп отандық өндірушілерге қолдау көрсету шараларын әзірлеген, солардың ішінде Бірыңғай ұйымдастырушы арқылы сатылып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердің тізімі ұлғайтылды. Сонымен бірге, ұсақ сатып алуларды бір үлкен лотқа біріктіру жоспарда бар.

Б.Сұлтанов квазимемлекеттік сектордың сатып алуларын заңнамалық реттеуді қарастыратын заң жобасы әзірленіп жатқандығын айтты. Қаржы министрлігінде квазимемлекеттік сектордың барлық субъектілеріне бірыңғай сатып алулар ережесін бекіту бойынша уәкілетті органдарды анықтау жоспарланған, олардың ішінде «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек», «ҚазАгро» ұлттық холдингтері бар. Ұлттық компаниялардың сатып алулары үшін жеке ережелер әзірленеді, олар мемлекеттік сатып алуларға қарағанда барынша икемді болмақ.

Мемлекет басшысы Жолдауындағы тапсырмаларды орындау мақсатында әзірленген заң жобасына сәйкес Үкіметке орталықтандырылған қызметтер ұстанымы бойынша мемлекеттік сатып алулардың бірыңғай жүйесін енгізу, квазимемлекеттік секторда, табиғи монополия мен жер қойнауын пайдалану саласында сатып алулар жүргізу әдістерін түбегейлі қайта қарау жүктеледі. «Заң жобасы негізгі 3 блоктан: мемлекеттік сатып алуларды орталықтандырудан, квазимемлекеттік сектордағы сатып алуаларды реттеуден, құқық қолдану тәжірибесінің қорытындысында әзірленген мемлекеттік сатып алуларды жетілдіруге бағытталған түзетулерден тұрады», деді министр.

Тақырып төңірегінде «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Ө. Шүкеев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А.Мырзахметов баяндама жасады.

Мәселені талқылау қорытындысында Үкімет басшысы мемлекеттік сатып алулар және квазимемлекеттік сектордың сатып алулары саласын жетілдіру бойынша заңнамаға қатысты жұмыстарды уақытында аяқтауды тапсырды.

«Жалпы, айтылған ұсыныстардың барлығын қолдаймыз. Оларды талқылап, Президент Әкімшілігімен келісу үшін бір апта уақытымыз бар. Келесі жолы дауыс беретін боламыз және маусым айының соңына дейінгі белгіленген мерзімде заң жобасын Мәжіліске енгізуге тиіспіз. Жүргізіліп жатқан жұмыстарды жалғастырамыз», деді Бақытжан Сағынтаев.

Отырыста барлық мемлекеттік орган басшыларына мемлекеттік сатып алу туралы заң қағидаларын қатаң сақтау, заң бұзушылыққа жол бермеу бағытында нақты тапсырмалар берілді.