Үкіметте өткен келіссөздер барысында Грузия аймағында Қазақстан астығы үшін қоймалар құру мәселесі қаралды

None
әуірдің 9-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Үкіметте өткен келіссөздер барысында Қазақстан астығы үшін Грузия аймағында арнайы қоймаларды құру мәселесі қаралды.

Бұл туралы келіссөздерден кейінгі баспасөз мәслихатында Грузия Премьер-Министрі Николоз Гилаури мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кездесу барысында біз энергетика, Қазақстанның өнімін Әзірбайжан және Грузия арқылы тасымалдау мәселесін, сондай-ақ болашаққа негізделген бұдан кейінгі жобаларды талқыладық. Атап айтқанда, қазақ астығы үшін Грузия аумағында арнайы қоймаларды құру мәселесі сөз болды», деп атап өтті Грузия Премьер-Министрі.

Сондай-ақ ол өз сөзінде Қазақстан Үкіметі басшысы К. Мәсімовтің биылғы жылдың тамыз-қыркүйек айларында Грузияға сапар жасау мәселесі қаралғанын жеткізді. «Қазақстан мен Грузия арасында экономикалық және саяси оң қарым-қатынастар дамуда. Осыған байланысты менің сапарым бұл қарым-қатынастарды бұдан әрі нығайтуға жаңа серпін беретініне сенім артамын», деді Н. Гилаури.