18:45, 16 Мамыр 2009
Үкіметте салық кодексіне енгізілетін жаңа өзгерістер жобасы әзірленіп жатыр ? ҚР Салық төлеушілер қауымдастығы Атқару кеңесінің төрайымы
АЛМАТЫ. Мамырдың 16-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - ҚР Салық кодексіне жаңа өзгерістер енгізу үшін үкіметте арнайы жұмыс тобы іске кірісті. Жаңа заң жобасы тамыз айына дейін Парламент қарауына ұсынылмақ,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Жақын арада салық төлеуге қатысты 200 сұрақ пен жауаптан тұратын арнайы жинақ шығады. Оның авторы - Салық комитеті мен ҚР Салық төлеушілер қауымдастығы. Таяуда үкіметте Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев жетекшілік ететін жұмыс тобы құрылды. Тамыз айына дейін салық кодексіне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы жаңа заң жобасы жасалып үкімет талқылауынан кейін Парламент қарауына ұсынылмақ», дейді ҚР Салық төлеушілер қауымдастығы Атқару кеңесінің төрайымы Жанат Ертілесова. Оның айтуынша, қаңтар айынан бастап жүзеге асырыла бастаған салық кодексінде қазіргі таңда салық төлеушілердің алаңдаушылығын тудырып отырған 4 мәселе бар. Оның біріншісі ? халықаралық салық салу, екіншісі трансферттік бағаның қалыптасуы, үшіншісі салық органдары ұсынған бір реттік талонды патентпен ауыстыру, төртіншісі - ауыл шаруашылығы. «Ауыл шаруашылығы - экономикалық базалық салаларының бірі. Сондықтан кодекстегі ауыл шаруашылығына қатысты салық салу тетігін қайта қарастыру керек. Өйткені ол бұрынғы қалпында қалдырылған. Дағдарыс жағдайында экономиканың бұл саласы ерекше қолдауды қажет етеді», - дейді Ж. Ертілесова. Оның сөзіне қарағанда, бұл мәселелер қыркүйек айында Алматыда өтетін 4-ші Қазақстандық салық төлеушілер форумында жан-жақты талқыланбақ. Онда салық әкімшілігі сапасын жеке секцияда қарастыру көзделіп отыр.