Үкіметте тұрақтылықтың сақталғаны сайлаудан кейін мемлекеттік аппараттың қарқынын жоғалтпай, әрі қарай жұмыс істеуі үшін қажет - М.Шибұтов

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Үкіметте тұрақтылық сақталды. Бұл сайлаудан кейін мемлекеттік аппараттың қарқынын жоғалтпай, әрі қарай жұмыс істеу үшін қажет, деді саясаттанушы Марат Шибұтов бүгін Алматыда Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясында «Президенттік сайлау-2015»: теңдесі жоқ қорытындылар және Қазақстанның сайлаудан кейінгі стратегиясы» атты өңірлік сараптамалық форумда.

Оның айтуынша, әлемдік экономикалық дағдарыс, Украинадағы азамат соғыс және басқа да сыртқы факторлар халықты біріктіре түсті.

«Яғни, қазақстандықтар еліміздің эволюциялық жолмен, саяси тұрақтылықтың сақталып, экономиканың дамуына дауыс берді», - деді М. Шибұтов. Ол сондай-ақ, Үкіметте кадрлық тұрақтылықтың сақталуы "мемлекеттік сатып алуды" өз уақтында өткізуге мүмкіндік беретіндігін айтты. «Үкіметте тұрақтылық сақталды. Бұл сайлаудан кейін мемлекеттік аппараттың қарқынын жоғалтпай, әрі қарай жұмыс істеуі үшін қажет. Үкіметтегі тұрақтылық мемлекеттік сатып алуларды дер кезінде жасауға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде бұған дейін қабылданған «Нұрлы жол» және дағдарысқа қарсы қабылданған басқа да мемлекеттік бағдарламалар іске асырыла бастады», - деді М. Шибұтов.