Үкіметте Жаңаөзеннің проблемалы мәселелерін шешу жолдары қаралды

АСТАНА. 15 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Серік Ахметовтың төрағалығымен Жаңаөзен қаласының проблемалары мәселелерін шешуге арналған жиын өтті.

Алқалы жиынды ашқан С. Ахметовтың атап өтуінше, Жаңаөзенге байланысты мәселелерді шешу Елбасының тікелей бақылауында. Сондай-ақ, Үкімет отырыстарында жұмыс тобының мәжілістерінде қаланың даму мәселелері жүйелі түрде шешіліп келеді.

 «ҚазМұнайГаз» барлау-өндіру» компаниясының шамамен 2 мың адамын жұмысқа орналастыру мәселелерін шешу үшін 2 жаңа сервистік кәсіпорын құрылды», - деді С. Ахметов.

Оның атап өтуінше, тәртіпсіздік кезінде меншіктеріне зақым келген кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру басталған. Сонымен қатар жұмыстан шығарылғандардың және олардың отбасы мүшелерінің екінші деңгейлі банктерден алған несиелерін қайта құрылымдау мәселелері де қарастырылуда.

«2012-2020 жылдарға арналған Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары аясында бекітілген барлық іс-шаралар мезгілінде жүзеге асырылатын болады», - деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.