Үкіметтік емес ұйымдар: БҚО-да 163 жобаны жүзеге асыруға 1,2 млрд теңге бөлінді

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында үкіметтік емес ұйымдарға 163 жобаны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 1,2 млрд астам теңге бөлінді. Бұл туралы «Атамекен» өнер орталығында «Инклюзивті мемлекеттік саясат: азаматтық қоғамның үлесі» деген тақырыпта өткізілген БҚО ХІ Азаматтық форумында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: Мәди Ғұбайдуллин

Жиынға қатысқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің мәлім еткеніндей, азаматтық қоғамды дамыту, билік пен қоғамның бірлестігі мен әріптестік саясатына қатысты мәселенің барлығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үнемі назарында.

Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында қоғам атынан сөйлейтін үкіметтік емес ұйымдар мен билік арасындағы алтын көпірді бекіту маңызды тетіктердің бірі ретінде белгіленді.


Өңір басшысының айтуынша, үкіметтік емес сектордың қоғамдағы үлес салмағын көбейту, олардың белсенді жұмысына барынша қолдау көрсету – басты мақсат.

Себебі, бұл бағыт – Әділетті Қазақстан құру жолындағы зор тетіктердің бірі. Қоғамдағы тұралап қалған салалардың бойына қан жүгіртіп, күрмеуі көп күрделі мәселелердің шешілуіне үлес қосып жүрген – осы қоғамдық ұйымдар.

Олардың басын біріктіріп, қызметін шыңдайтын Азаматтық форумдар азаматтық қоғам дамуының көрсеткіші ретінде сындарлы сұхбат пен құнды ұсыныстар айтылатын диалог алаңына айналып отыр.


«Өңірімізде осымен он бірінші рет өткізіліп отырған бұл басқосудың мән-маңызы зор. Азаматтық қауымдастық – билік пен халық арасындағы алтын көпір. Олар тек облыс орталықтарында ғана емес, ауылдық жерлерде де маңызды мәселелерді шешуге атсалысуда. Батыс Қазақстан облысында 670 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның ішінде 100-ге жуығы белсенді қызмет атқарып, түрлі деңгейдегі қоғамдық кеңестердің, консультативті-кеңесші органдардың құрамында және түрлі салаларда тиімді жұмыс жасауда. 2023 жылы Батыс Қазақстан облысы бойынша 163 жобаны жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 1 млрд 227 млн теңге бөлінді. Облыста мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты 5 салалық басқарма, Орал қаласы мен 12 ауданның әкімдігі жүзеге асырады. Белсенді жұмыс жүргізіп, халықтың әлеуметтік маңызды мәселелерін шешуге атсалысқан үкіметтік емес ұйымдарға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жыл сайын сыйақы тағайындап отыр. Өткен жылы аталған сыйақы белсенді қызмет атқарған 3 ұйымға берілсе, 2 үкіметтік емес ұйым алғаш рет өткізілген «Таңдау» сыйлығының иегері атанды. Соңғы төрт жылдың ішінде 21 үкіметтік емес ұйым жұмысы жоғары бағаланып, өңіріміз республика бойынша жақсы нәтиже көрсеткен облыстардың қатарына енді», деді Н.Төреғалиев.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Перизат Сәдуақас Мемлекет басшысының қоғамды дамыту мәселесіне баса көңіл бөліп отырғанын, Ұлттық құрылтайда қоғам өкілдерінің айтқан ұсыныс-пікірлері елеусіз қалмайтынын жеткізді.

Сондай-ақ Перизат Құрманқызы үкіметтік емес ұйымдарды қолдауда Батыс Қазақстан облысында оң өзгеріс бар екендігін атап өтті.

Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева екі жылда бір рет ұйымдастырылатын Азаматтық форумның биыл қазан айында Астана қаласында өтетінін айтты.

«Азаматтық қоғам дамыса, ел де дамиды. Әділетті Қазақстан құру үшін оған бәріміз үлес қоса білуіміз керек. Мәдениетті қоғам құруымыз керек. Президент саясатына сәйкес үкімет халық үніне құлақ асуы тиіс. Осы орайда мемлекеттік органдар үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс жасауы қажет. Әрбір басқарма, әрбір мемлекеттік орган, әр аудан әкімі қолдарынан келгенше өздерінің бюджеттеріне осы ұйымдар үшін әлеуметтік тапсырыс ретінде қаражат қарастырса дейміз. Дегенмен облыста 21 басқарманың тек бесеуі ғана азаматтық қоғаммен жұмыс жасайды екен. Әлеуметтік тапсырыс та жұмыс қой, сондықтан бұған мән берейік», деді Б.Нұрғазиева.

«Ардагерлер кеңесі» РҚБ орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, академик, тарих ғылымдарының докторы Өмірзақ Озғанбай өз сөзінде ұлттық салт-дәстүр мен отбасылық тәрбиеге, мемлекеттік тілді орнықтыруға баса назар аудару қажеттігіне тоқталды.

Сондай-ақ «Батыс-Қамқор» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әділет Берікқалиев атқарылған жұмыстар жөнінде баяндаса, Батыс Қазақстан облысы мүгедек балаларының «Бәйтерек» қоғамы» ҚБ төрайымы Меруерт Санқаева бизнес пен үкіметтік емес ұйымдардың арасында байланыстың әлі де әлсіздігін, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға болатындығын, оған қоса бюджетті қалыптастыруға, бөлуге қоғамдық бірлестіктер үлес қоса алатындығын тілге тиек етті.

Форум барысында басқа да ұсыныс-пікірлер айтылды.