Үкіметтік емес ұйымдар денсаулық сақтау қызметкерлеріне біліктілік емтихандарын өткізетін болады

АСТАНА. 5 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін Денсаулық сақтау министрлігінде үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің, медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің және аумақтық органдарының қызметкерлерінің қатысуымен жиын болып өтті.

Онда денсаулық сақтау саласында үкіметтік емес ұйымдар тарапынан біліктілік емтихандарын өткізу жөніндегі жобаның жүзеге асырылу барысы талқыланды.

Ағымдағы жылы Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында бюджеттен азаматтық қоғамды және үкіметтік емес ұйымдарды тарту шаралары да көзделеді. «Мемлекеттік бағдарламада сектораралық өзара әрекет мәселесіне баса маңыз беріліп отыр. Осыған орай, бірқатар жобаларды жүзеге асыруға азаматтық қауымдастық пен үкіметтік емес ұйымдарды қатыстыру көзделуде. Бұл әлеуметтік тапсырыс аясында орындалатын шаралардың бір бағыты денсаулық сақтау саласында біліктілік емтихандарын өткізуге 12 млн. теңге қаражат қарастырылған», - дейді Медициналық қызмет көрсету саласын бақылау комитетінің басқарма бастығы
Гүлнәр Алпысбекова.

Оның айтуынша, аталған жоба ең алдымен медицина қызметкерлерінің кәсіптік ортадағы біліктілік деңгейін анықтауға бағытталады. Бұндай мәселе негізінен мамандардың теориялық және практикалық дағдыларын жоғары деңгейде меңгеруіне ықпал ететін болады. «Бүгінгі күні әлеуметтік тапсырыс шеңберінде біз 4 үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтасатын боламыз. Аталған ұйымдар төртінші тоқсаннан бастап, біліктілік емтихандарын жүргізуге кірісетіні көзделіп отыр», - дейді Г. Алпысбекова.