Үкіметтік емес ұйымдар кей кезде мемлекеттік органдардың қызметін атқарып жатады - М.Құл-Мұхаммед

АСТАНА. 2 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің төрағалығымен ел Үкіметі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Министр атап көрсеткендей, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстандағы сан алуан үкіметтік емес ұйымдар шетелден қаржыландырылды. «Бүгінде сол мыңдаған ұйымдар мемлекеттік орталық органдардың толыққанды әріптесіне айналып отыр. Олар халық арасында сан алуан зерттеу жұмыстарын жүргізіп, әр сала бойынша қордаланған мәселелерді шешіп келеді. Шыны керек, үкіметтік емес ұйымдар кей кезде мемлекеттік органдардың қызметін де атқарып жатады. Осыған орай, бұдан үш жыл бұрын бюджетке тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, қазір әрбір министрлік өз саласы бойынша үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істейді. Бұл өте дұрыс шешім болды», - дейді М.Құл-Мұхаммед. Айта кетейік, Қазақстан Үкіметі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесінің бүгінгі отырысында мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстарды орталық және жергілікті жерде орналастыру, VI Азаматтық форумды өткізу және 2013-2015 жылдары республикалық бюджеттен қаржы бөлу мәселесі қаралды. Сондай-ақ «Үкіметтік емес мемлекеттік қолдау туралы» Заң жобасы талқыға салынды.