Үкіметтік емес ұйымдар қызметін реттейтін Заң қабылданды - Парламент

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне үкіметтік емес ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда талқыланып, құжат қабылданды. Парламент қабылдаған Заң енді Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

Құжат азаматтардың әлеуметтік бастамаларын іске асырудың пәрменді құралы болуға тиісті қазақстандық қоғамды одан әрі әлеуметтік жаңғырту және азаматтық қоғам институттарын жетілдіру мақсатында әзірленген. Бұл ретте құжатта үкіметтік емес ұйымдардың мәртебесін, олардың қызметтерінің ерекшеліктерін ескере отырып, құқықтық реттеу тетіктерін жетілдіру, сонымен бірге қоғамдық бірлестіктерді мемлекеттік қолдау шараларын қамтиды.

Парламент қабылдаған Заңға сәйкес, мемлекеттік органдар үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылын жетілдіруде бірқатар бағыттар бойынша шаралар атқаратын болады. Атап айтқанда, ҮЕҰ үшін мемлекеттік, мемлекеттік емес гранттар мен республикалық және өңірлік деңгейдегі әлеуметтік міндеттерді шешуге едәуір үлес қосқандары үшін сыйақылар түрінде қаржыландырудың жаңа нысандары енгізіледі. Бұдан бөлек, мемлекет пен қоғамда болып жатқан процестерге жедел ден қою мақсатында ҮЕҰ гранттық қаржыландыру саласындағы бірыңғай оператордың функцияларын орындайтын ұйым құрылады.

Бұдан бөлек, ҮЕҰ жобаларын гранттық қаржыландыру енгізіледі. Осыған орай, құжаттың басты мақсаты ҮЕҰ-ны қолдау, оларды жетілдіру мен дамыту болып табылады. Гранттардан бөлек, ҮЕҰ үшін арнайы сыйақылар тағайындалады. Жаңа ережеге сәйкес, гранттар ҮЕҰ-ға бейімдендірілген конкурстар арқылы берілмек. Сыйақылар жыл сайын ҮЕҰ үшін 15 аталым бойынша ұйымдастырады.

«Жалпы алғанда құжаттың қабылдануы қоғамдық бастамаларды мемлекеттік қолдау шараларын іске асырудың құқықтық тетіктерін заңнамалық тұрғыдан бекітуге мүмкіндік береді. Бұл қадамдар өз кезегінде үкіметтік емес сектордың орнықты дамуына, азаматтық белсенділікті арттыруға, ҮЕҰ сапалы әлеуметтік қызметтерді ұсынуына және азаматтық қоғам институттарының нығаюына жол ашады», - дейді заңнамадағы өзгерістер туралы баяндаған сенатор Бірғаным Әйтімова.