Бұл туралы ол бүгін Астанада өтіп жатқан IV Азаматтық форум барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жауапты хатшының сөзіне қарағанда, азаматтық форум тарихы - елімізде азаматтық қоғамның қалыптасып келе жатқандығының жарқын көрінісі. Жалпы бүгінде елдегі көптеген салаларды үкіметтік емес ұйымдардың көмегінсіз дамытуды көзге елестету мүмкін емес. «Сондықтан да болар, 2003 жылы елде өткен I Азаматтық форумда Мемлекет басшысы үкіметтік емес секторды нығайтуды мемлекеттің басым бағыты етіп белгіледі. Сол жылы өткен жиында мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың екіжақты бірлескен қимылдарының жүйелі негізі қаланды. Ал 2005 жылы өткен II Азаматтық форумда азаматтық қоғамды дамытудың 2006-2011 жылдарды қамтитын тұжырымдамасы қабылданды. Оның бірінші кезеңі бойынша атқарылуы тиіс жұмыстар биыл аяқталады. Сондай-ақ III Азаматтық форум екіжақты әріптестік қатынасты дамыту ұранымен өтті. Онда көптеген мемлекеттік органдар үкіметтік емес сектор алдында алғаш рет есеп берді. Осы тұрғыдан алғанда, өткен жылдар ішінде үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекет арасындағы байланыс бір жүйеге келтірілді деуге толық негіз бар», деді ол.