Үкіметтік емес ұйымдардың дамуын жаңа деңгейге көтеретін заң жобасы дайындалуда

АСТАНА. 4 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда мемлекетік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың қарым-қатынасын реттейтін жаңа заң жобасы жасалуда. Бұл туралы бүгін Астанада ҮЕҰ-дың «SocialCamp Astana-2013» форумында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Қоғамдық-саяси жұмыстар департаменті директорының орынбасары Василий Порубаймех мәлім етті.

«Азаматтық форумның тапсырмасы аясында мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың қарым-қатынасын реттейтін «Үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау туралы» жаңа заң жобасын жасап жатырмыз. Заң жобасында үкіметтік ұйымдарға институционалды қолдау көрсетуге жағдай жасау тетіктері толық қамтылған. Мысалы, бүгінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында бөлінген қаражатты үкіметтік емес ұйымдар тек қызмет көрсетуге жұмсай алатын болса, заң жобасында олардың әдістемелік, техникалық жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретін жолдар қарастырылған. Соның ішінде мемлекет тарапынан ҮЕҰ-ға сыйақылар беріледі. Ол қаражатты ұйым өз қызметкерлерін оқытуға, материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға жұмсай алады», - деді В.Порубаймех.

Оның атап көрсеткеніндей, заң жобасы бойынша, белгілі бір мемлекеттік орган үкіметтік емес ұйымдарға ақпараттық, әдістемелік көмек беруге жауапты болады. Себебі қазір ҮЕҰ-ның өкілдеріне ақпараттық тұрғыда мемлекеттік орган тарапынан көп жағдайда көмек көрсетіле бермейді.

«Заң жобасында мемлекеттік органның құзыреттері мен міндеттері нақты белгіленген. Онда көрсетілгеніндей, әрбір мемлекеттік орган бағдарлама құру кезінде оның әдістемелік базасын жасап, ҮЕҰ-дарға әдістемелік, ақпараттық көмек көрсетуге міндетті. Яғни үкіметтік емес ұйымдарда тең әріптес ретінде қатаң талап ету құқығы болады», - дейді ол.

Сонымен қатар, аталмыш жобаға сәйкес ҮЕҰ үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс байқауының процедуралары жеңілдетілмек. Заң жобасы қабылданғаннан кейін, ҮЕҰ тізімі жасалады. Сол тізімде оның заңгерлік құжаттары тіркеледі. Байқауға қатысу үшін ол заңгерлік құжаттарын ұсынбай-ақ, әлеуметтік жобаны ғана таныстыратын болады. Заңның тағы бір тұсы, мемлекеттік тапсырыс байқауында баға негізгі критерий болып саналмайтындығы.