Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы қаңтарда конкурс жариялаған болатын. Биыл 11 бағыт бойынша жалпы сомасы 965 миллион теңгені құрайтын 87 грант беру жоспарланған. Олардың арасында: жастарды қолдау, тұрғындардың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау, АИТВ, туберкулез туралы ақпараттандыру, т.б. сияқты тақырыптар болды.
«87 грантқа 352 өтініш келді. Іріктеуден соң конкурсқа 251 өтініш жіберілді. 23 тақырып бойынша конкурс өткен жоқ, өйткені олардың кейбіріне мүлдем өтініш келмеді, ал кейбірі бойынша тек бір ғана өтініш түсті. Ол тақырыптар бойынша жаңа конкурс өтетінін жарияладық. Өтініштер 16 сәуірге дейін қабылданады», - дейді Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы басқарма төрағасы Нұрлан Өтешев.
Байқау өтпеген тақырыптар арасында: жас отбасыларға, жас жазушыларға, журналистер мен ақындарға қолдау көрсету, ауыл тұрғындарының қажеттіліктерін, нәсілшілдік жағдайларын талдау, т.б. бар.
Үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар 2016 жылдан бері бар, оған қаражатты Дін істері және азаматтық қоғамды дамыту министрлігі бөледі.
Фото: delisle-barrow.co.uk