Үкіметтік емес ұйымдарға қатысты заңның басты жаңалығы неде
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкеновтің айтуынша, заң жобасына мемлекеттік тапсырыстың тиімділігін арттыру бойынша бірқатар ұсыныстар еніп отыр. Себебі бүгінде республика бойынша мемлекеттік тапсырыстың көлемі айтарлықтай артты. Биыл қоғамдық маңызы бар бастамаларға 19,3 млрд теңге қарастырылған. Осыдан екі жыл бұрын ғана аталған көрсеткіш екі есе аз болды.
"Қазіргі кезде мемлекеттік органдар тарапынан мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың тақырыптары мен сомаларын қалыптастырғанда түрлі тәсілдерді қолданады. Бірақ мақсатты топтардың қажеттіліктері ескерілмей жатады. Сол себепті заң жобасы аясында "мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру" деген арнайы түсінікті енгізіп отырмыз. Үкіметтік емес ұйымдар мен қарапайым азаматтар өз ұсыныстарын жіберіп, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыруға атсалыса алады. Бұл - маңызды жаңалықтардың бірі. Екіншіден, "мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс нәтижелерін бағалау" деген түсінік енгізіледі. Соның арқасында xалықтың көрсетілген қызмет сапасына қанағаттану деңгейі мен жобаның тиімділігін анықтауға болады. Жоба аяқталғаннан кейін тікелей бағалау жүргізіледі. Бірінші кезекте ақпарат жинақтау, екінші кезекте сол жиналғаннан ақпаратты талдау мен сараптауды ұсынамыз", - дейді А.Нүкенов.
Айта кетейік, бүгінгі отырыста комитет мүшелері аталған заң жобасын қолдап, Сенаттың жалпы отырысына шығаруға рұқсат берді. Ал комитет төрайымы Бірғаным Әйтімова өзге ұлт депутаттарының мемлекеттік тілді меңгеруге ден қойғанын да жеткізді.