Үкіметтік комиссия Шығыс Қазақстандағы ахуалды өте күрделі деп бағалап отыр - Төтенше жағдайлар министрі
Онда облыстың елді мекендерін су басып қалу қаупімен, өзендердің арналарынан тасуы және бөгеттердің бұзылуы сияқты қауіп-қатерлермен байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу үшін жедел шаралар қабылдау қажеттілігі талқыланды.
Ведомстволардың аталған үш басшысы бастаған топтар биылғы қыстан қатты зардап шеккен аудандарды аралады. Олар өзендердің арналарын, бөгеттерді, су қоймалары мен гидро-электр стансыларын, таулы аудандардағы автокөлік және темір жолдарды қарап шықты, Өскемен, Риддер, Зайсан қалаларында, Зырян, Күршім, Қатонқарағай, Тарбағатай, Үржар, Жарма аудандарында жүргізіліп жатқан су өткізу құбырларын мұздан тазарту шараларымен танысты.
«Біз қалыптасқан жағдайды өте күрделі деп бағалап отырмыз. Елді мекендерді су басып қалу қаупі бар, жолдардағы жағдай да өте күрделі. Елді мекендер орталықпен байланыссыз қалып отыр, бірқатар нысандарға жол жоқ. Қазіргі таңдағы ең басты мәселе - су тасқынына қарсы іс-қимылдардың егжей-тегжейлі жоспарын жасап, оны Үкіметке жеткізу. Сіздердің назарларыңызды, сондай-ақ су басып қалған жағдайда адамдар қалай әрекет ету керек екенін білулері үшін үгіт-насихат жұмыстарын жедел жүргізу керектігіне аударамын», деп атап көрсетті Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко кеңесте сөйлеген сөзінде.
Айта кету керек, биылғы қыста әдеттегі орташа нормадан 3 есе, кей жерлерде 7 есе көп қар жауды. Мысалы, Зайсан ауданында 751 пайызға шамалас қар жауып отыр. Ұзаққа созылған аязды ауа райы да жағдайды қиындатты. Кей жерлерде 46 градус аязға дейін төмендеген ауа температурасы топырақты 50 сантиметрден 150 сантиметр тереңдікке дейін қатырып тастап отыр. Бұл жағдай еріген қар суының топыраққа сіңіп кетуін қиындатады. Қазірдің өзінде мамандар, бірқатар тоғандардың арнасы еріген қар суын толық қабылдай алмайтынын айтуда. Алдын-ала болжамдар бойынша, аймақта су тасу қаупі төнген 125 учаске бар.