Үкіметтік комиссияның басты міндеті - Жаңаөзен қаласының экономикасы мен әлеуметтік өмірін шұғыл арада қалпына келтіру

None
АСТАНА. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат - Үкіметтік комиссияның басты міндеті Жаңаөзен қаласының экономикасы мен әлеуметтік өмірін шұғыл арада қалпына келтіру. Бұл туралы журналистерге сұхбат берген ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев мәлім етті.

Айта кетейік, қазіргі уақытта қаладағы жағдай әскерилер мен полиция қызметкерлерінің толық қадағалауында. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары жетекшілік ететін жұмыс тобының міндетіне халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азық-түлік тапшылығын болдырмау және оқиға барысында көз жұмған азаматтардың отбасыларына көмектесу мен қаланың инфрақұрылымын қайта қалпына келтіру жұмыстары кірген. Комиссия іштей бірнеше топқа бөлінген. Олардың әрқайсысы белгіленген нақты бағыт бойынша жұмыс істейтін болды.

«Бұл жерге кінәлілерді табуға немесе басқа біреулерді ақтап алу үшін келген жоқпыз. Біз нақты жұмыс істеу үшін келдік. Қаланың экономикасы мен әлеуметтік өмірі тоқтап қалды. Біздің мақсатымыз тез арада бәрін қалпына келтіру. Ал комендант пен құқық қорғау саласының қызметкерлері өз жұмыстарымен айналысатын болады», - деді комиссия төрағасы Өмірзақ Шөкеев.