Үкіметтің цифрлық трансформациясы xалыққа не береді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы және «Мемлекеттік бағдарламалар тізбесін бекіту туралы» ҚР Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 957 Жарлығына толықтыру енгізу туралы» ҚР Президенті Жарлығының жобасы туралы» Үкіметтің қаулы жобасын әзірледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат аталмыш ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі міндеті - тұрғындардың өмір сүру сапасын және цифрлыққ экономиканы құру арқылы ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

Мембағдарлама негізгі 4 бағыттан тұрады:

1. Цифрлық Жібек жолы - ауылдық елді мекендерде интернетке кірудің кең жолақты желісін енгізу арқылы жоғары технологиялық цифрлық инфрақұрылымды құру; телекоммуникациялық хабты дамыту; ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету; мәліметтерді өңдеу орталықтарын тұрғызу және т.б.

2. Креативті қоғам - тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы мамандардың біліктілігін жоғарылату, креативті ойлауды дамыту және т.б. арқылы адами капиталды дамыту.

3. Экономика саласындағы цифрлық түрлендірулер - көліктік-логистикалық жүйені автоматтандыру арқылы цифрлық индустрияны дамыту; ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салаларында цифрлық технологияларды енгізу; электрондық сауданы дамыту; минералдық ресурстарды есепке алу жүйесін жақсарту; геологиялық цифрлық ақпараттың сақтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету; ақылды қалаларды құру үшін технологияларды жүзеге асыру және т.б.

4. Белсенді мемлекет - электрондық және мобильдік үкіметті әрі қарай дамыту арқылы цифрлық үкіметті құру; электрондық үлгіде ұсынылатын мемлекеттік қызметтерді арттыру; ашық үкіметті құру; кеңістіктік мәліметтердің ұлттық инфрақұрылымын дамыту және т.б.

Мембағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде 2020 жылға дейін келесі көрсеткіштерге қол жеткізу жоспарланады:

- Интернетті қолданушылар үлесі - 78%;

- Қазақстан тұрғындарының эфирлік телехабарлармен қамтылуы - 95%;

- тұрғындардың цифрлық сауаттылығының деңгейі - 80%;

- ЖІӨ-де ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласының үлесі - 4,7 %;

- АКТ еңбек өнімділігінің артуы - 34%;

- электрондық үлгіде өздігінен алған қызметтер сапасына тұрғындардың қанағаттану деңгейі - 80%.

Мембағдарламаны жүзеге асыру 2017-2020 жылдарды қамтиды.

Қаржыландыру мемлекеттік бюджет, квазимемлекеттік сала, сонымен қатар жеке инвестициялар мен қаржы ұйымдары мен даму институттарының займдары есебінен жүргізіледі.

Мембағдарламаны жүзеге асыру Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан-2050» Стратегиясында қойған әлемнің ең бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына ену бойынша мақсатқа жетуде негізгі фактор болуы мүмкін.