Үкіметтің экономикалық саясатының негізгі діңгегі - әлеуметтік міндеттерді орындау - К.Мәсімов

АСТАНА. 20 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Үкіметтің экономикалық саясатының негізгі діңгегі - әлеуметтік міндеттерді орындау.

Бұл туралы бүгін Мәжіліс Үкіметке сенім білдіргеннен кейінгі сөзінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мәлім етті.

Премьер-Министр Мәжілістің Үкіметке сенім білдіргеніне үлкен жауапкершілікпен қарайтынын айта келе, «Біз болашақта да депутаттар ұсыныстарын ескеретін боламыз. Елбасы алдымызға маңызды әрі жауапты мақсат-міндеттерді жүктеді. Біз оны орындауға міндеттіміз», - деді.

«Үкіметтің экономикалық саясатының негізгі діңгегі - әлеуметтік міндеттерді орындауға бағытталған. Дамыған экономика - ол бірінші кезекте ел азаматтары, олардың табысы мен жұмысы, сондай-ақ ел адамдарының жаңа мүмкіндіктері мен балалардың болашағы», - деді К. Мәсімов.

Осы орайда Премьер-Министр Үкімет бұл бағытта тыңғылықты жұмыс атқаратынын атап өтті.