Үкіметтің резерві 45 млрд. теңгеге ұлғайтылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев ҚР Үкіметін резервін ұлғайтуды ұсынды.

«Болжанбаған, оның ішінде экономикадағы өзгерістерге байланысты туындаған жағдайларға уақтылы ден қою үшін Үкіметтің резервін 45 млрд. теңге сомасына ұлғайту ұсынылады», - деді ведомство басшысы. Айта кетейік, бүгін Министрлер кабинетінің отырысында Үкімет 2014 жылға нақтыланған бюджетті мақұлдады. Нәтижесінде, 2014 жылға арналған республикалық бюджеттің түсімдері 6 206,1 млрд. теңге көлемінде немесе бекітілген бюджетпен (5 773,7 млрд. теңге) салыстырғанда 431,7 млрд. теңгеге өсумен айқындалды. Республикалық бюджеттің кірістері (трансферттер түсімдерінсіз) бекітілген жоспардағы 4 029,4 млрд. теңгеге қарағанда, 331,7 млрд. теңгеге ұлғайтыла отырып нақтыланды және 4 360,9 млрд. теңгені құрайды. Өз кезегінде Премьер-Министр Серік Ахметов бүгін осы құжат бүгін толық пысықталып, ертең бюджеттің нақтыланған жобасы Парламентке енгізілетінін атап өтті.