Парламент депутаттары мен Үкімет мүшелері қатысқан отырыста Сенат Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеев сөз сөйледі.
Уақыт талабына сай заңнама қалыптастыру аясындағы талқылаудың маңыздылығын атап өте келіп, М.Көпеев заңдардың сапасы мен құқық қолдану ісіндегі тиімділік мәселелеріне назар аударды.
«Жаңа заман заңдарын әзірлеу және қабылдау, олардың сапасын арттыру қажеттігі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауларында, Парламенттің кезекті сессияларының ашылуларында бірнеше мәрте аталып өтілді», деді төраға орынбасары.
М.Көпеев атап өткендей, мемлекеттік биліктің заң шығару және атқарушы тармақтары арасындағы өзара белсенді іс-қимылының нәтижесінде даму бағдарламасын іске асыруға бағытталған құқықтық база мезгілінде әзірленуде. Биылғы сессия барысында Үкімет қысқа мерзімде ауқымды заң жобалары топтамасын әзірлеп, Парламентке берген болатын.
«Парламент Сенаты мемлекеттің одан әрі дамуы үшін заңдардың маңыздылығын ескеріп және сапалы болуын қамтамасыз ете отырып, олардың уақытында қабылдануы үшін күш салатын болады», деді төраға орынбасары.
Заң шығару ісінің сапасын одан әрі жақсарту мәселелеріне қатысты М.Көпеев заң шығару үдерістеріне қатысушылар қызметін үйлестіру, құқықтық сараптама сапасын арттыру, заңдардың тікелей ықпал етуі мен олардың құқықтық қолданылуын жақсартуды қамтамасыз ету жөніндегі бірқатар ұсыныстар айтты.
Төраға орынбасарының айтуынша, министрліктер мен мекемелердің заң қызметінің жауапкершілігін күшейту қажет, ол заң шығару жұмыстарының сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Сөзінің соңында М.Көпеев заң шығару үдерістеріне барлық қатысушылардың өзара сындарлы іс-қимылының маңыздылығын атап өтті. «Бұл уақыт талабы және мемлекет пен қоғам алдында тұрған міндеттерді іске асыруға жауап беретін сапалы құқықтық база жасаудың кепілі болып табылады», деді М. Көпеев.