Үкіметтің жаңа құрамы іске кірісті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа бекітілген Үкімет жұмысын бастап, Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмаларды орындауға кірісіп кетті. Құрамы айтарлықтай өзгере қоймаған Министрлер кабинетінің алдында еліміздің экономикалық өсімін қамтамасыз ету міндеті тұр.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, дағдарыспен күрес жұмысы­нан эко­­номиканың өсімін ынталандыру бағдарла­ма­сына көшу жөніндегі шаралар қосымша жұмыс орын­дарын ашуды,  атап айтқанда, ауыл шаруа­шылы­ғында, тұрғын-үй құрылысында және басқа да салаларда халықтың табысын арттыруды көздейді. Осыған байланысты жаңа Министрлер кабинетінің алдына нақты міндеттер қойылды. Үкімет құра­мында жасалған өзгерістер халықтың әл-ауқатын арттыруға, экономикалық көрсеткіштерді жақ­сар­туға және Қазақстанды үдемелі дамытуға бағытта­лып отыр. 

Кеңейтілген отырыстан кейін көп ұзамай Үкімет мүшелері жиналып, алда атқарылар жұмыстарды талқылаған болатын. Премьер-министр қызметінде Үкіметтің алғашқы отырысын өткізген Бақытжан Сағынтаев Елбасы тапсырмаларына сәйкес негізгі мақсат-міндеттерді пысықтады. Атап айтқанда, Министрлер каби­неті қызметінің жақын арадағы негізгі бағыт­тарын - кәсіпкерлікті ынталандыру және жұ­мыспен қамту, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, Индустриялық-инновациялық даму бағ­дарламасын әрі қарай іске асыру, көлік инфрақұрылымын дамыту, макроэкономикалық тұрақтылықты қамта­масыз ету және «Нұрлы Жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарла­масын әзірлеу шаралары құрайды

Сонымен қатар, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыруды жалғастырып, халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге жұмыс істеуіміз керек, деді Үкімет басшысы.

Бұл ретте жұмыспен қамту және бизнесті дамыту шаралары жалғаса беретін болады. Осы бағытта Ұлттық экономика, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрліктеріне, мүдделі мемлекеттік органдармен бірге жұмыспен қам­туды ынталандыру тетіктерін дамыту бойынша ұсынысты Үкіметке енгізу тапсырылды. Оның ішінде, шағын несиелендіру бағдарламасына, ауыл тұрғындарын несиелендіруге маңыз беру қажет.

Кеңейтілген отырыста Елбасы айтқан ес­керт­­пені еске салған Б.Сағынтаев барлық мем­лекеттік органдар мен олардың ведомство­лық ұйымдарын қайта түгендеуден өткізуді бұйырды. Бүгінде 11 министрліктің жанынан 301 мекеме құрылған. Былтыр олардың барлығына 109 млрд. теңге жұмсалған. Бұның бәрі тек орталық мемлекеттік органдарға ғана тиесілі. Әкімдіктердің қарамағында тағы 6,5 мың ұйым бар. Ал жекешелендіру жоспарына тек 416 ұйым ғана енгізілді. Сол себепті Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігіне инвентаризация мәселесін қатаң түрде қадағалап, қажетті және қажетті емес ұйымдарды анықтауды тапсырамын. Аймақ басшылары да осы жұмысты атқарып шығуы шарт, деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы сондай-ақ, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша тиісті тапсырмалар берді. Соның ішінде жеке шаруашылықтарды дамыту, субсидия беру жүйесін жетілдіру, ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалану, суармалы жерлерді пайдалануға беру мен ветеринарлық қауіпсіздік мәселесі бар. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру жұмысы да жіті бақылауда болады.

Ал индустрияландыру бойынша шикізаттық емес тауарларды экспортқа шығару мәселесіне баса назар аударылады. «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бойынша Қытаймен бірлесіп қолға алынатын жобалар да назардан тыс қалмауы тиіс.

Көлік инфрақұрылымы бойынша Мемлекет басшысы «Нұрлы Жол» бағдарламасының қаражатын тиімді игеруді, қазіргі нфрақұры­лымдық жобаларды жалғастыруды тапсырған болатын. Соған сәйкес Б.Сағынтаев Инвести­циялар және даму, Ұлттық экономика минис­трліктері, сондай-ақ әкімдіктер бұл жобаларды тездетіп іске асыруы, аймақ басшылары бюджет қаражатын тиімді әрі уақытылы игеруі тиістігін атап көрсетті.