Үкіметтің жылдық қорытындысы оңтайлы бола ма - Апталық шолу
Келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдемеде ҚР Президенті Қазақстан-Иран көлік әлеуетін бірлесе пайдалануы қажет екенін қадап айтты. «Президент Рухани мырзамен бірге бүгін екіжақты қарым-қатынасты тереңдету үшін, дамыту үшін біз сол жолдарды талқыладық. Қазақ-иран диалогы аясында қарым-қатынасымыз кеңейіп, жүйелі түрге түсіп келе жатыр. Басты мақсатымыз - екі халықтың достық қарым-қатынасын одан ары нығайту. Келіссөздер барысында сауда-экономика, инвестиция, әріптестікті нығайту жолдарына баса назар аудардық», - деді Мемлекет басшысы.
Елбасы келіссөздер барысында екі елдің өзара іс-қимылында басымдығы бар бірнеше мәселе қаралғанын атап өтті. Екі елдің арасындағы транзиттік көлік саласындағы зор әлеуетті бірлесе пайдалану қажеттігін ескерте кетті.
«Өздеріңіз білетін Қазақстан-Түркіменстан-Иран темір жолы өңірдегі тиімді көлік коммуникациясы болып саналады. Тек қана Қазақстаннан Иранға емес, Парсы шығанағына шығып сол өңірдегі мемлекеттермен экономикалық қарым-қатынас жасауға мүмкіншілік береді. Бұл жерлерде, Иран аумағында астық және контейнер терминалдарын бірлесіп салу қазір қолға алынып жатыр», - деді Назарбаев.
Өз кезегінде Иран Президенті Хасан Рухани Н. Назарбаев Иранның ШЫҰ мен ЕАЭО-ға мүше болуына көмектесуге уәде бергенін жеткізді.
«Біз өңірлік ынтымақтастық саласында Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақтың толыққанды қатысушысы болуға дайын екендігімізді жария еттік. Президент Нұрсұлтан Назарбаев бізге аталған екі бағытта да көмектесуге уәде берді. Сонымен қатар біз Каспий саласында бірлескен ынтымақтастықты қолдаймыз және Каспийдің құқықтық мәртебесі мәселесін өңірдің үшінші елдерімен ынтымақтастықта шешу қажет», - деді Рухани.
Сонымен қатар Қазақстан Президентімен келісөздер барысында өңірдің өзекті мәселелері, оның ішінде барлық елге қауіп төндіріп отырған терроризмге қарсы тұру саласындағы ынтымақтастық талқыланғанын атап өтті.
«Бүгінде Ирак пен Сирияда орын алып отырған жағдай біздің барлығымызды да алаңдатады. Бұл проблеманы шешіп, аталған елдерде тұрақтылық пен қауіпсіздікті қайтару қажет. Азия өңірінің ықпалды елдері ретінде Иран мен Қазақстан, әсіресе, экономика саласындағы бірлескен күш-жігерін жалғастыра беруі тиіс», - деді Иран Президенті.
Үкіметтің жылдық қорытындысы бағаланды
Өтіп бара бара жатқан бұл аптадағы Үкіметтің отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Министрлер кабинетінің жылдық жұмысын жақсы бағалады.
"Біздегі көрсеткіштер жаман емес. 2016 жылдың 11 айында жалпы ішкі өнімнің өсімі 0,8 пайызды құрады. Жалпы, жылды бір пайыздық өсіммен аяқтаймыз деген үміт бар. Осыған күш салуымыз қажет. Негізінен, бюджеттің орындалуы бойынша да жағдай жаман емес",-деді ол.
Дегенмен, Сағынтаев бірқатар өңірлер бюджетті толық игермегенін де атап өтті. Бірқатар өңірлерде бюджетті игеру бойынша кемшіліктер бар көрінеді. «Негізі, 11 айға қарағанда, жылдың қорытындысы жаман емес",-деді Үкімет басшысы.
Осы орайда ол облыс әкімдеріне бөлінген қаржыны жыл соңына дейін игеруді тапсырды. «Өнімге келер болсақ, биылғы жылдың қаңтар-қараша айларында өнеркәсіп өндірісінің көлемі жалпы республикалық деңгейге қарағанда, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында төмен болып отыр. Кірістер бойынша қарасақ, Қарағанды 99,2, Маңғыстау 99,7 пайыз, шығыстар бойынша орындалуы Алматы қаласы 93,7, Астана 93,1, Маңғыстау 93, Оңтүстік Қазақстан 98, Батыс Қазақстан 95 пайыз», -деп атап өтті Премьер-Министр.
Сонымен қатар ол «Нұрлы жол» бағдарламасында берілген трансферттер бойынша орындалу Ақмола облысында 84, Атырау облыстында 76,9, Маңғыстау облысында 83,3 пайызды құрап отырғандығын айтты.
«Дегенмен бұл 11 айдың қорытындысы, жыл соңына дейін осы айтылған облыстарда әлі де мүмкіндік бар деп есептеп, соған сенеміз. Сондықтан сіздерден күш-жігерлеріңізді бөлінген қаржыны дер кезінде игеруге жұмсап, кірістерді ұлғайтуға жұмыс жасауларыңызды сұраймыз», - деді Сағынтаев.
Отырыста баяндама жасаған ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов ағымдағы жылдың 11 айында мемлекеттік бюджетке 5,8 трлн. кіріс түскенін хабарлады. 11 айдағы мемлекеттік бюджеттің атқарылуы бюджеттің барлық деңгейлеріндегі кірістер өсімінің жоғары қарқынымен белгіленді. Қазірдің өзінде мемлекеттік бюджетке өткен жылдың жылдық көлемінің деңгейінде кірістер түсті. Мемлекеттік бюджет шығыстарының сомасы өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 1,5 трлн. теңгеге артық төленді. Қаржы министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап нақтыланған бюджеттің іс-шараларын орындау мониторингісі жұмысын атқарды. Апта сайын бюджет қаражатын игеру мәселелері жөнінде мемлекеттік органдармен селекторлық кеңестер өткізілді. Осы іс-шаралардың арқасында өткен жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда игеру қарқыны анағұрлым жақсы болды.
Оның деректеріне сәйкес, мемлекеттік бюджет бойынша асыра орындау сомасы 396 млрд. теңгені, республикалық бюджет бойынша 255 млрд. теңгені және жергілікті бюджет бойынша 141 млрд. теңгені құрады.
«Ағымдағы жылдың 11 айында өткен жылдың дәл осы кезеңіне қарағанда мемлекеттік бюджеттің кірістері 31,8 (1 398 млрд. теңгеге), республикалық бюджеттің кірістері 41,1 (1 195 млрд. теңгеге) және жергілікті бюджеттің кірістері 13,6 пайызға (203 млрд. теңгеге) өсті. Тұтастай алғанда, мемлекеттік бюджеттің кірістері 107,3, республикалық бюджеттікі 106,6 және жергілікті бюджеттікі 109,1 пайызға атқарылды», - деді Сұлтанов.
Министрдің сөзіне қарағанда, жылдың қорытындысы бойынша шамамен 250-300 млрд. теңгеге салық түсімдерін айтарлықтай асыра орындау күтілуде.
«Мұның өзі бізге Ұлттық қордан кепiлдендірiлген трансфертті тартпауға мүмкіндік береді. Сондықтан да, кірістер 100 пайыздан шамалы ғана көбірек атқарылатын болады», деді ол.
Бұдан бөлек, бюджеттен бөлінген қаржыны игере алмайтын министрліктер белгілі болды. «Әкімшілер 129 млрд. теңгенің орындалуының мүмкін еместігі туралы мәлімдеді. Бұл ретте, атқарылмаудың жалпы сомасының 90 пайызынан астамы Үкіметтің пайдаланылмайтын резервіне (90 млрд. теңге) және бюджеттік заңнама бойынша игерілмеген болып табылатын үнемдеуге (32 млрд. теңге) тиесілі. Игерілмеу 7,5 млрд. теңгені құрайды. Бұл шамамен өткен жылдың деңгейіндегідей (7,8 млрд. теңге)», - деді Сұлтанов.
Оның деректеріне сәйкес, Сыртқы істер министрлігі 2,8 млрд.теңге, Ішкі істер министрлігі 1 млрд. теңге, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі 1,2 млрд. теңге, Білім және ғылым министрлігі 0,6 млрд.теңге қаржыны игере алмайды.
«2016 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылаған кезде қосымша бөлінген қаражат бойынша 2,3 млрд. теңге сомасында қаражаттың игерілмеуі күтіледі», - деп атап өтті министр.
Бұл ретте аталған қаржының 1,9 млрд. теңгесін Сыртқы істер министрлігі, 248,9 млн.теңгесін Бас прокуратура және 90 млн. теңгесін Ішкі істер министрлігі игере алмайды.
Айтпақшы, Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев жыл басынан бері Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрағанын мәлім етті.
2016 жылдың басынан инфляция 7,5 пайызды құрады. Инфляциядағы негізгі салым азық-түлік тауарларының 7,8 пайызға қымбаттауынан болған.
Министрдің айтуынша, азық-түлік емес тауарлары 8,6 пайызға, ақылы қызметтердің құны 6 пайызға қымбаттаған.
"Жыл басынан бері жұмыссыздық деңгейі 5 пайыз көлемінде сақталды",-деп хабарлады Қ. Бишімбаев.
Жол-көлік оқиғалары 5,7 пайызға төмендеді
Осы аптаның ортасында Үкімет үйінде Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев ҚР Үкіметі жанындағы Құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысын өткізді.
Кеңес барысында ҚР ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов ірі жол-көлік оқиғалары мен автокөлік жолдарының аса қауіпті учаскелеріндегі апаттардың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы есеп берді.
ІІМ-нің деректері бойынша, соңғы үш жыл аралығында автопарктер санының артуына қарамастан, елімізде апаттылық көрсеткішінің төмендеу үрдісі байқалған. Биыл жол-көлік оқиғаларының саны 5,7 пайызға, ал қаза тапқандардың саны 3,2 пайызға және жарақат алғандар саны 3,8 пайызға төмендеді. Ірі жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері - жылдамдықты арттыру, қарсы қозғалыс жолағына шығып кету, жол қозғалысы қатысушыларының жолда шаршап кетуі, апаттық-қауіпті учаскелердің болуы.
Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-Министр уәкілетті органдарға бірқатар тапсырмалар берді.