ҰҚК Атбасар теміржол стансасы бастығының ұсталғанын растады
АСТАНА. KAZINFORM – Атбасар теміржол стансасы бастығына қатысты «Пара алу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Белгілі болғандай, ҰҚК Ақмола облысы бойынша департаментінің қызметкерлері Атбасар теміржол стансасының бастығы Серік Қайниденовті өткен аптада ұстаған.
- ҰҚК аталған тұлғаға қатысты ҚР ҚК 366 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. ҚР ҚПК 201-бабының 1-бөліміне сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды, - делінген ҚР ҰҚК Kazinform редакциясы сауалына жауабында.
Кейбір ақпарат құралдары теміржол стансасы бастығының вокзалға кіреберіс жолға иелік ететін жеке компания басшысынан 6 млн теңге пара алып жатқан жерінде ұсталғанын хабарлады.
Сондай-ақ ұсталған азамат ешқайда кетпеу туралы тілхат беріп босатылғаны айтылды. Алайда ҰҚК редакция сауалында көрсетілген бұл деректерді растаған жоқ, жоққа да шығармады.
Бұған дейін Қазселденқорғау ШҚО филиалының басшысы 2,7 млн теңге жымқырғанын жазған болатынбыз.