ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, Әскери кеңеске Шекара ведомствосының басшысы полковник Дархан Ділманов төрағалық етті. Шекара қызметінің 2015 жылдағы әскери-жауынгерлік қызметі, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, сондай-ақ құқық тәртібі мен әскери тәртіпті нығайту мәселесі қаралды.
Құқық тәртібі мен әскери тәртіпті нығайту мәселесін талдау барысында айтарлықтай оңды нәтижелердің бар екендігі аталып өтілді. Мықты әскери тәртіпті сақтау үшін шекара басшысы жұмыс алгоритмін жасау туралы тапсырма берді. Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінде, басқа да әскери құрылымдарында құқықбұзушылықтың алдын алудың 2016-2018 жылдарға арналған бірегей жоспарын ҚР ҰҚК Шекара қызметінде жүзеге асыру жоспары дайындалды, оның мақсаты әскери қызметшілердің өмірін және денсаулығын сақтау, әскери қызметтің қауіпсіздігін қастамасыз ету, қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылықты, сыбайлас жемқорлық көріністерін азайту, әскери қызметшілердің моральдік рухын көтеру болып табылады.
Әскери-жауынгерлік қызметтің нәтижелері де жақсарған - Мемлекеттік шекараны бұзушыларды ұстау былтырғы жылмен салыстырғанда 6,7% артты. Қызметтік иттердің көмегімен есірткілік заттарды анықтаудың саны 28,6% және салмағы бойынша 8,2 есе өсті. Контрабанданы тәркілеу ауқымы ұлғайды. Браконьерліктің жолын кесу және Қазақстанның биоресурстарын қорғау мақсатында 126 жүзу құралдары ұсталды, былтырғы жылмен салыстырғанда 10% артық, 1120 шақырымға жуық аулау құралдары, 33 тонна бекіре тұқымдас балық тәркіленді. Каспий теңізінде жүзу құралдарын ұстау кезінде қару қолдану 5 есеге дейін азайды.
Мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әскерді инженерлік-техникалық жағынан қамтамасыз ету жалғасуда. 2015 жылы МИ-8 тікұшағын жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді, отандық шығарылымдағы катер пайдалануға берілді.
Шекара қызметінің әскери-жауынгерлік іс-әрекетін қорытындылай келе, басшылық мемлекеттік шекараны дамыту мен одан әрі жайластыру бағытында бірқатар нақтылай тапсырмалар белгіледі.
«Біздің қызметімізді одан әрі дамытуға бағытталған әңгіме өткізілді деп санаймын, - деп атап өтті полковник Дархан Ділманов, - мәселелердің анық-қанығын пысықтадық, өйткені әскери-жауынгерлік қызмет барысы, әскери тәртіптің деңгейі, қару-жарақ пен техникалардың жағдайы осыған байланысты».
Әскери кеңес барысында үздік нәтижелерге қол жеткізгендер аталып өтілді. Жыл шекарашысы болып «Оңтүстік» өңірлік басқармасының 2038 әскери бөлімінің «Кордай» бақылау-өткізу бекетінің әскери қызметшісі ефрейтор Максим Сидоров танылды.
Сондай-ақ, шекаралық бақылау, теңіз дивизионы, авиациялық бөлім, тыл және техникалық бөлім, оқу дивизионы үздіктер қатарында аталды.