ҰҚК бір жылда 20 млрд теңгенің есірткісін тәркілеп, 66 арнаның көзін жойды
2023 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл аясында 150-ден астам операция өткізді, деп хабарлайды Kazinform.
Қорытындысы бойынша 34 халықаралық және 32 өңірлік есірткі жеткізу арнасы жойылды, 36 жасырын есірткі зертханасының жұмысы тоқтатылды.
Заңсыз айналымнан 3,6 тоннадан аса есірткі және психотроптық зат, 21,5 тоннадан астам көкнәр сабанының шикізаты, 75 тоннаға жуық синтетикалық есірткі жасауға пайдаланылатын химиялық реагент алынды.
Алынған есірткінің «қара нарықтағы» бағасы — 20 млрд теңгеден асады, ал көлемі — шамамен 17 млн доза.
Осындай қылмыстарды жасады деген күдікпен 101 адам сотталып, 169 республиканың азаматтары мен шетелдіктерге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Қазақстан арқылы есірткіні әкелу және тасымалдаудың жолын кесу бойынша шетел мемлекеттерінің құзыретті органдарымен бірге 32 операция жүзеге асты.
Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес бойынша іс-шаралар жалғасып жатыр.