ҰҚК «Достық шекарасы – 2022» арнайы операциясының қорытындысын шығарды
Іс-шараға Қазақстан, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан шекаралық қызметтерінің өкілдері, Беларус және Моңғолия елдерінен бақылаушылар, сонымен қатар ШЫҰ Аймақтық терроризмге қарсы құрылымы мен ТМД қатысушы мемлекеттердің Шекара әскерлері қолбасшыларының кеңесі қатысып жатыр. Кеңес барысында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов «Достық шекарасы – 2022» арнайы шекаралық операциясының қорытындысын шығарды.
«Нәтижелері өте маңызды. Операция барысында 226 шекара бұзушы ұсталды, белгіленген шекара режимдері мен көші-қон заңнамасын бұзушы 2 мыңнан астам адам анықталды, заңсыз айналымнан 68 атыс қаруы, 52 мың оқ-дәрі, 590 келі түрлі есірткі мен есірткі заттары тәркіленді, 113 контрабандалық түрлі тауар анықталды. Оның ішінде 46 келі бағалы металл, 1 миллион АҚШ долларынан астам сомаға валюта, діни сипаттағы тыйым салынған әдебиеттер мен баспа өнімдері және 146 тонна жанар-жағармай бар», - ол.
Спикердің сөзінше, бүгінгі отырыста ШЫҰ қатысушы елдердің мемлекеттік шекараларындағы жағдайлар бойынша сұрақтар қарастырылады.
«Бүгінгі отырыста 2024 жылға арналған жұмыс жоспары талқыланады. Сонымен қатар қазіргі таңдағы терроризммен, қару және есірткі контрабандасымен, заңсыз көші-қонмен байланысты және өзге де қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл бойынша жалпы шаралар қабылдайтын боламыз», – деді Ерлан Алдажұманов.