ҰҚК есірткі бизнесімен күресті күшейту үшін Қазақстанның мемлекеттік шекараларында бірқатар шараларды қабылдау қажет деп санайды

АСТАНА. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Белісбеков есірткі бизнесіне қарсы күресті күшейту үшін Қазақстанның Өзбекстанмен және Қырғызстанмен шекараларында бірқатар мақсатты шараларды қабылдау керектігін айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның сөзіне қарағанда, инженерлік ғимараттар мен тосқауылдарды жайластыру мен ұстап тұру үшін шекара қызметіне бөлінген мемлекеттік шекараның желісін бойлай орналасқан жер телімдерінің енін 200-300 метрге дейін ұлғайту жөнінде Үкіметтің, облыс әкімдерінің деңгейінде тиісті шешімдер қажет. Қазіргі уақытта 30 метр жер бөлінген. «Сонымен қатар, Қазақстан мен Қытай шекарасында жасалғандай, шекараға жалғасып жатқан ауылдық округтердің аумақтарында шекаралық зоналар мен шекаралық режімдер енгізу қажет. Бұл өткізу бекеттерінен тыс жерлерден адамдар мен жүктердің өтуін іс жүзінде толық жоятын болады», - деді ол. Комитет төрағасының орынбасары бақылауды күшейту үшін «Қордай» мен «Қарасу» өткізу бекеттері арасындағы көлік ағындарын жүк таситын және жолаушылар таситын деп бөлу ұсынылып отырғанын да жеткізді. «Себебі, қазір «Қордайға» түсіп жатқан салмақ көп. Осы мақсатта Қырғызстанның аумағындағы «Жайыл» өткізу бекетін Қазақстан аумағына көшіру қажет», - деді ол. Н. Белісеков Үкімет басшысынан басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірге Көлік және коммуникация министрлігіне Қырғызстанның аумағында орналасқан Қазақстанның «Маймақ» стансысына пойыздардың тоқтауына рұқсат бермеуді тапсыруды сұрады. «Сонымен қатар Қырғызстан мен Өзбекстан аумағының бірқатар жерлерінен өтетін «Алматы-Термез», «Жетісай-Шардара» автокөлік жолдары учаскесінің айналма жолдарының құрылысын қайта қарастыру немесе оны тепе-теңдік негізде Қазақстан тарапына беру мәселесін пысықтау қажет», - деді ол. «Осыларға жауапты ретінде Көлік және коммуникация министрлігін бекітуді және оған мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттерінің тұжырымдамасын және даму бағдарламасын әзірлеу функциясын жүктеуді ұсынамыз», - деп қорытты сөзін ҰҚК төрағасының орынбасары.