ҰҚК Шекара қызметінің экс-басшысы Дархан Ділманов бостандыққа шықты

Фото: kazpravda.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Төрт жылға сотталған Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бұрынғы басшысы Дархан Ділманов жазасын өтеп шықты.

Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі хабарлайды.

— Сотталған адам сот үкіміне сәйкес қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеді. Сот тағайындаған жаза мерзімін толық өтеуіне байланысты босатылды, — деген хабар алдық қылмыстық-атқару жүйесі комитетінен.

Еске сала кетсек, 2023 жылы желтоқсанда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің бұрынғы басшысы Дархан Ділманов 4 жылға сотталған еді

Алматы гарнизонының әскери соты мәлім еткендей, ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары — Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов пен басқа да лауазымды тұлғаларға билікті асыра пайдаланды және ірі мөлшерде пара алды деген айып тағылды.

Айта кетейік, 2022 жылы сәуірде Дархан Ділманов ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары — Шекара қызметінің директоры лауазымынан босатылды.