ҰҚК шекара қызметі директоры орынбасарының ісіне қатысты алдын ала тергеудің заңдылығын Әскери прокуратура жүзеге асырады - ҚР ІІМ

None
АСТАНА. Қыркүйектің 8-і. ҚазАқпарат /Дамир Байманов/ - ҰҚК шекара қызметі директорының орынбасары Әлім Хасеновтің ісіне қатысты алдын ала тергеудің заңдылығын Әскери прокуратура жүзеге асырады.

Бұл туралы, сәрсенбі, қыркүйектің 8-інде ҚазАқпарат тілшісінің сұрағына жауап берген ҚР Ішкі істер министрінің баспасөз хатшысы Қуанышбек Жұманов мәлімдеді.

Қ.Жұманов еске салғандай, Ә.Хасеновке қатысты қылмыстық іс оның ҚР ҰҚК шекара қызметінің шекара бекеттері мен өзге де нысандарының күрделі жөндеуден өткізілуі кезінде билікті асыра пайдаланғанына қатысты ҚР ІІМ Тергеу комитетінің әскери-тергеу басқармасы тамыздың 23-інде қозғалды.

«Мемлекетке орасан шығын келтірілді», - деп атап өтті ІІМ өкілі.

Үстіміздегі жылғы қыркүйектің 2-сінде Ә.Хасенов ҚР ӘІК 132 бабы бойынша ұсталды. Қыркүйектің 3-інде Ә.Хасеновке айып тағылды. Ал қыркүйектің 4-інде Ақмола гарнизонының әскери соты оны тұтқындау туралы санкция берді.

«Қазіргі уақытта қылмыстық іс тергелуде. Алдын ала тергеудің заңдылығын Әскери прокураура жүзеге асырады», - деп сөзін қорытындылады Қ.Жұманов.