Үкімет АҚШ-тың санкциялық тізіміне енген компанияны зерттеп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Үкіметі Ресейге жоғары технологиялық жабдықты жеткізуге қатысқаны үшін АҚШ-тың санкциялық тізіміне енген «КБР- Технологии» компаниясы жайында хабардар еместігін жариялады.
«Мемлекеттік кірістер комитеті мен Өнеркәсіп министрлігінің мәліметінше, бұл компания экспорт-импорт лицензиясын алуға өтініш бермеген. Бізде компанияның профилін жасайтын басым өнімдердің тізімі бар. Бұған дейін аталған компания Қазақстанға осы санаттағы тауарларды импорттамаған немесе экспорттамағандықтан, оған қатысты тиісті профиль жасалмаған. Сондықтан қазір біз оны анықтап жатырмыз», - деді вице-премьер Серік Жұманғарин Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, қазір бұл мәселе пысықталып жатыр.
«Тиісті тізімге енген тауарларды қатаң қадағалаймыз. Біз санкцияны қолдамаймыз, бірақ оны орындауға мәжбүрміз. Осы тұрғыда экспорттық-импорттық бақылауға жататын тізімді кеңейттік. Компания кеңейтілген тізімнен тауар жеткізген жоқ. Сондықтан олар нені жеткізгенін, заң бұзу дерегі қалай тіркелгенін анықтап жатырмыз. Келесі аптада Еуропа одағының арнайы өкілі О’Салливан мырза келеді. Онымен сейсенбі күні кездесіп, осы мәселелерді талқылаймыз», - деді Серік Жұманғарин.
Еске сала кетейік, жақында АҚШ Қаржы министрлігі Ресейге қарсы санкциялардың жаңа пакетін енгізетінін жариялады.
Бұл тізімге Мәскеу биржасы мен оның еншілес компаниялары енген.