Күн тәртібіне алдымен 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамдары мен «2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюдет туралы» заң жобасы шығарылады. Айта кетерлігі, 17 тамыз күні Президент бюджетті жоспарлау мәселелері бойынша кеңес өткізді. Алқалы жиын барысында экономиканың қазіргі ахуалы туралы баяндалып, 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамдары, 2027-2029 жылғы республикалық бюджет параметрлері жөнінде мәлімет берілді. Талқылау барысында Қасым-Жомарт Тоқаев 2027-2029 жылдарға арналған бюджеттің негізгі басымдықтарының бірі — аурухана, балаларды оңалту орталығы, мәдениет, спорт ғимараттары секілді инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандар құрылысын жеделдетіп салу керек екенін айтты.
Отырыста алдағы жылыту маусымына дайындық барысы да жан-жақты қаралады. 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымы жүйелі ұйымдастырылған жұмыстың арқасында тұрақты өтті. Жылыту кезеңінде ірі технологиялық бұзушылықтар орын алған жоқ. Тұтынушылар электр және жылу энергиясымен толық қамтамасыз етілді. 2025 жылы электр станцияларында жөндеу жұмыстарын қаржыландыру алдыңғы кезең деңгейінен 348 млрд теңгеге дейін 6 пайызға ұлғайтылды. Жылу желілерінде жөндеу жұмыстарын қаржыландыру 16 пайызға ұлғайтылып 129 млрд теңгеге дейін жеткізілді.
Жылыту маусымының қорытындысы бойынша жылу электр орталықтарының рейтингі жақсарды. Осылайша, 5 Жылу электр орталығы «қызыл» аймақтан «сарыға» және 3 Жылу электр орталығы «сарыдан» «жасылға» көшті. Осы бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.
Үкімет отырысы аяқталғаннан кейін БАҚ өкілдеріне арнайы баспасөз мәслихаты ұйымдастырылады. Оның барысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов, «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов, «Самұрық-Энерго» АҚ-тың өндіріс жөніндегі басқарушы директоры Ғалымбек Әутәліпов тілшілер тарапынан туындайтын сауалдарға жауап береді.
Естеріңіге сала кетсек, өткен аптадағы Үкімет отырысында жаңа оқу жылына дайындық барысы егжей-тегжейлі қаралды. Көтерілген мәселе бойынша негізгі баяндама жасаған Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова 2029 жылы шағын жинақты барлық мектепте білім сапасы алшақтығын азайтатын жоба енгізілетінін айтты.
— Жаңа оқу жылының ерекшелігі — жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу. Осы мақсатта «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндерінің атауы өзгертілді. Биыл 12 мамырда Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы қабылданды. Қазіргі уақытта министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, аталған Жарлықты іске асыру жөніндегі 2026–2029 жылдарға арналған кешенді жоспарды әзірледі, — деді ол.
Министрдің дерегінше, жаңа оқу жылынан бастап білім беру мазмұны бірқатар жаңа міндетті оқу курсымен толықтырылады.
5-7-сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері» пәні енгізіледі. 8-11-сыныптарда «Заң және Тәртіп», 5-11-сынып оқушылары үшін «Жеке қауіпсіздік» оқу курстары міндетті болды.
— Бұған дейін таңдау пәні ретінде оқытылып келген «Құқық негіздері» курсы барлық оқушылар үшін міндетті пәнге айналады және мазмұны Жаңа Конституция қағидаттарына сәйкестендірілді. Үлгілік оқу жоспарларының құрылымы оңтайландырылды. Оқушылардың барлық оқу пәндеріне толық қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қысқартылған үлгілік оқу жоспарлары алынып тасталды, — деді Жұлдыз Сүлейменова.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары оқу орындарына қабылдау магистратура мен докторантура деңгейінде 28 тамызға дейін жалғасатынын айтты.
— Бакалавриатқа қабылдау 25 тамызда аяқталады. Биыл мемелекеттік грант конкурсына 127 мыңға жуық талапкер қатысты. Бұл былтырмен салыстырғанда 14 мыңға көп. Конкурс нәтижелері 7 тамызда жарияланды. Бөлінген гранттардың 98 пайызы игерілді. Биыл жүргізілген сауалнамада анықталған сұранысқа сәйкес мемлекеттік қолдау көлемі қамтамасыз етілді. Сонымен бірге әлеуметтік осал санаттарға мемлекеттік қолдау сақталды. Мемлекеттік гранттардан бөлек, әкімдіктер, жоғары оқу орындары, әртүрлі қорлар және ректорлар есебінен шамамен 5 мың қосымша грант қарастырылып отыр, — деді министр.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың мәліметінше, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 2,3 млн бала, яғни жылдық жоспардың 52 пайызы профилактикалық тексеруден өтті, қалғандары жыл соңына дейін өтеді.
— Алғаш рет барлық балаға ауруларды ерте анықтау үшін мектептердің медициналық пункттерінде цифрлық диагностикалық құрылғылар қолданылады. Өткен жылы құрылған Балалардың цифрлық тізілімі профилактикалық тексеру мен қауіп факторларын ерте анықтаудан бастап медициналық маршрут, маманға жолдау және динамикалық бақылауға дейін 54 көрсеткішке күнделікті мониторинг жүргізуді қамтамасыз етеді, — деді ол.
Ал Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкиннің мәліметінше, бүгінде мектептердің 92 пайызы жылдамдығы жоғары интернетке қосылған. Қазірдің өзінде 1 276 мектепте интернет жылдамдығы 100 Мбит/секундтан жоғары.
— 2027 жылға қарай олардың санын 3 222, ал орташа жылдамдықты 90 Мбит/секундқа жеткізуді жоспарлап отырмыз. Біздің міндетіміз — барлық мектепті тұрақты интернетпен қамтамасыз ету және балалардың білім беру ресурстарына кеңінен қолжетімділігін қамтамасыз ету. 2027 жылы жоғары жылдамдықты интернетке қосылған мектептердің үлесін 100 пайызға, яғни 8 мың мектепке жеткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар заманауи қосылу технологияларына көшуді жалғастырамыз, — деді вице-министр.
Отырысты қорытындылаған Премьер-министр Олжас Бектенов балалар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралардың аясын кеңейтуді тапсырды.
— Балалардың қауіпсіздігі ерекше бақылауда болуға тиіс. Өңір әкімдіктеріне Ішкі істер, Төтенше жағдайлар және Оқу-ағарту министрліктерімен бірлесіп, мектептер маңындағы жол қауіпсіздігін, сондай-ақ олардың өртке және терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз етуде жіберілген кемшіліктерді тез арада жоюды тапсырамын, — деді ол.
Үкімет басшысы мемлекеттік қолдауға мұқтаж барлық отбасыларға материалдық және әлеуметтік көмек көрсетілуге тиістігіне баса назар аудартты. Ол үшін жергілікті бюджеттерде қажетті қаражат көзделген. Бұл 400 мыңнан астам балаға қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
— Өңір әкімдеріне көмектің шын мәнінде мұқтаж жандарға берілуін қамтамасыз етіп, әрбір нақты жағдай бойынша уақтылы шаралар қабылдауды тапсырамын. Балалардың жан-жақты дамуы мен табысты білім алуы мектептердегі сапалы әрі дұрыс тамақтандыруға да байланысты. Денсаулық сақтау министрлігі мен өңір әкімдіктері өнімдердің сапасы мен санитариялық нормалардың сақталуын тұрақты бақылауға алсын, — деді Олжас Бектенов.