Үкімет әзірлеген Өңірлік даму тұжырымдамасының негізгі бағыттары қандай

Фото: Үкімет

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасының 2025-2030 жылдарға арналған өңірлік даму тұжырымдамасы әзірленіп, мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп жатыр. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінен мәлім етті.

Министрлік агенттік сауалына берген жауабында Тұжырымдама жобасы өңірлердің жағдайы мен даму перспективаларын кешенді бағалауды қамтамасыз ететін үш негізгі бағытты айқындайтындығын атап өтеді.

Бірінші бағыт - халықты негізгі инфрақұрылыммен (әлеуметтік, инженерлік, көліктік) біркелкі қамтамасыз ету.

- Осы бағыттың аясында жеңілдіктерге қол жеткізудегі теңсіздікті жоюға және өңірлердегі ең өткір инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге басты назар аударылатын болады. Базалық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуде ең үлкен алшақтық бар өңірлер үшін Тұжырымдаманы іске асыру аясында республикалық бюджеттен басым қаржыландыру тәртібі белгіленеді, - деді ведомстводан.

Екінші бағыт - өңірлердің теңгерімді экономикалық дамуы.

- Өңірлердің теңгерімді экономикалық дамуы өңірлердің қолда бар бәсекелестік артықшылықтарын тиімді іске асыруға негізделеді. Базалық салаларға және әртараптандыру мүмкіндіктеріне байланысты өңірлердің бар әлеуеті іске асырылады. Бұл – пайдалы қазбалар қорлары, ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіруге арналған қолда бар ауыл шаруашылығы жерлері, туристік қызметті дамытуға арналған рекреациялық ресурстар, транзиттік әлеуетті іске асыру үшін шекара маңы аумақтарының болуы және басқалары. Сондай-ақ ұсынылып отырған тәсілдер қолданыстағы бағдарламалық құжаттарда іске асырылатын салалық саясатқа жәрдемдесуден туындаған, - деді министрліктен.

Үшінші бағыт - өңірлік саясатты іске асыру тетіктерін жетілдіру.

- Аталған бағытта қазіргі өзара іс-қимыл моделін жетілдіру арқылы «өңір-орталық» ведомствоаралық үйлестіруді жүйелі түрде күшейту арқылы аумақтарды дамытуды институционалдық қолдауды қамтамасыз ету ұсынылады, - делінген жауапта.

Бұған дейін 2025 жылы Ұлттық экономика министрлігі өңірлерде белсенді жұмыс істейтіндігін жазған едік.